Жамбыл облысында қызмет бабында қаза тапқан полицейді ақтық сапарға шығарып салды

Марқұмның жаназасы өзі туған Шайқорық ауылында өткізілді.
Жамбыл облысында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полицей ақтық сапарға аттандырылды, – деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Жамбыл жұртшылығы Жуалы ауданында республикалық маңызы бар тасжолда қызметтік міндетін орындау кезінде жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан полиция аға лейтенанты Нұржан Дунбаевты ақтық сапарға шығарып салды.
Марқұмның жаназасына туған-туыстары мен жақындарынан бөлек, Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев, әріптестері мен достары қатысты. Қайғылы жағдайға ортақтасқан ПД бастығы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің көңіл хатын оқып, министрліктің марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтатынын және мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Қызметтік жолында жауапкершілікті абыроймен атқарған Нұржан Дунбаев әр жылдары көрсеткен жетістіктері үшін "Қазақстан полициясына – 30 жыл" төсбелгісімен, “Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін” медалімен және ҚР Ішкі істер министрі мен облыстық полиция департаменті бастығының бірқатар марапаттарымен наградталған болатын.
Ел есінде адал қызметімен, биік адамгершілік қасиеттерімен сақталып қалатын Нұржан Дунбаевтың жарқын бейнесі жүректерде мәңгілікке қалады.