Жамбыл облысындағы жауынгер өліміне қатысы бар күдікті ұсталды

0 35

Жамбыл облысының «Шөлдала» шекара бөлімшесіндегі жауынгер өліміне қатысы бар болуы мүмкін күдікті қамауда отыр. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Ведомство дерегінше, шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментінде мерзімді әскери міндетін атқарып жүрген жауынгер Мираш Д.Б. өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Аталған оқиға ҚР Қылмыстық кодексінің 451-бабы 2-бөлігіне сәйкес (Қызметік өкілеттікті асыра пайдаланып, салдары зардапқа әкеліп соқтырған) тергеліп жатыр.

Қылмыстық істі тергеу жұмысымен ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының Тараздағы бөлімі айналысып жатыр.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

«Тараздың мамандандырылған тергеу соты оны қамауда ұстау жөнінде шегшім шығарды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу деректері жарияланбайды», — деп мәлім етті Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Бұған дейін белсенді Бибігүл Рамазан өзінің Facebookпарақшасында Жамбыл облысында мерзімді әсери міндетін атқарып жүрген сарбаздың қайтыс болғанын жазған болатын.

Оның мәліметінше, 18 жастағы жауынгер өзіне қол жұмсаған.

Қоса кетейік, бұған дейін Алматыдағы 3650 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша қызмет етіп жүрген әскери қызметші көз жұмғанын хабарлап едік.

Leave A Reply

Your email address will not be published.