Жаңалықтар

Жамбылда ұзақ жылдар қызмет еткенімді мақтан тұтамын – Бекболат Орынбеков

Сенатор Бекболат Орынбеков жерлестерін Жамбыл облысының құрылғанына - 85 жыл толуына орай, құттықтауын жолдады

2010 -2013 жылдардағы Тараз қаласы әкімі, 2013-2020 жылдардағы Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Бекболат Серікбекұлының Жамбыл өңірінің дамуына қосқан үлесі зор, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Алтайдан Арқа, Атырауға созылып жатқан Қазақ даласында әр өңірдің маңызы үлкен. Оның ішінде еліміздің тарихи ордасы, жыр алыбының құрметіне аталған Жамбыл облысына биыл мерейлі 85 жыл толып отыр. Тасын түртсең, тарих пен шежіресі шыға келетін Әулиеата аймағының бүгінгі қол жеткізген табыстары ерен. Экономикалық дамуы өз алдына, рухани құндылықтар, әлеуметтік даму жағынан да бәсі жоғары. Жамбыл облысы көптеген тарихи және мәдени ескерткіштер мен кесенелерге бай киелі өңір. Айша бибі, Қарахан кенелері, Ақыртас тарихи орны мен Баласағұн, Құлан қалашықтары – қатпарлы тарих көріністері.

Қазақ даласының қалыптасу тағдырына өзінің едәуір үлесі бар, ежелгі Әулиеата жері ақын жазушыларымен, кеудесін оққа тосқан алып батырларымен,  спортшы, мәдени қайраткерлерімен де мақтанады. Бұл мекен ерекше табиғатымен көз жауын алар сұлулығымен танымал.

Жамбыл облысында ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте болғанымды мақтаныш санаймын. Талас ауданы, Қаратау қаласының әкімі ретінде тәжірибе жинадым. Сарысу ауданының, Тараз қаласының  әкімі ретінде басшылықтың биік мектебінен өттім.  Отанымыздың дамуы  жолында тер төккен қайраткер басшы азаматтармен тізе қосып еңбек еттік. Жеті жылға жуық облыс  әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған кзедерім  әр сәттегі қарбалас жұмыстарымен есте қалды.  Әулиеаталық тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу, жақсы бастамаларды жүзеге асыру жолында тер төктік.  Сол кезеңде де өңірдің  экономикалық дамуы жолында бірнеше кәсіпорындар ашылып, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салалары ілгеріледі. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жылдық той Таразда тойланып, қаланың жаңаша түрленуіне, түрлі саябақ, көпшілік қызыға тамашалайтын орындардың ашылуына оң әсерін берді.

Әр тұрғыны қарапайым, ізденімпаз, жаңашыл Жамбыл жерін 85 жылдық мерейтоймен құттықтар, аймаққа ізгіліктер мен жақсылықтар, үлкен табыстар тілеймін!