110 жастағы әжей Наурыз көже жасау құпиясымен бөлісті

0 35

Аса ауылының тұрғыны 8 немере, 15 шөбере сүйіп отырған 110 жастағы Күлбарам Сүгірова Наурыз көже жасау құпиясымен бөлісіп, ұлттық мейрамның мәні мен мағынасына тоқталып өтті. Қарт әже өткен күндерінің естеліктерінен де сыр шертті.

«Біз қиын-қыстау заманда өмір сүрдік. Ашаршылықты да, соғыс жылдарындағы қиындықтарды да басымыздан кешірдік. Тылда ер азаматтармен бірдей еңбек еттік. Сол қиындықтарға қарамастан біз ата-бабаларымыздан мұра болып қалған салт-дәстүрімізді, әдет — ғұрыпымызды ұмытқанымыз жоқ. Оны тойлауға тиым салған жылдары да халық оны атаусыз қалдырған емес»,- дейді Күлбарам Сүгірова.

Мен ес білген 1920 жылдары Наурыз мейрамы тойланатын. Ол тұста халық Наурызды «жыл басы» деп қабылдайтын. Оған ерекше дайындық жасайтын. Халық ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді Наурыз мейрамы арқылы дәріптейтін. Ауыл түгел жиналып бірге Наурыз мерекесін атап өтетін. Жеті түрлі дәмнен Наурыз көже әзірлеп, елге тарататынбыз, — деді кейуана.

Аштықта жеген құйқаның ауыздан дəмі кетпес» дегендей ашаршылық жылдардағы Наурыз да əженің есінде.

«Ашаршылық кезінде де Наурыз тойланды. Адамдар тапқан ас-ауқатын ұсынатын қонағына. Түк таппағаны бір қазан быламық жасап, айран қатып беретін. Адамдардың бәрі бірдей емес қой ол кезде де. Бақуаттылары қой сойса, қараша халық Наурыз көженің орнына быламық жасап та атап өтетін» — деді ол.

Әжейдің айтуынша, соғыс жылдарында да қарап отырған халық болмапты. Билік ашаршылықтан кейінгі жылдарда Наурыз ескіліктің белгісі деп тойлатпай қойса да, халық оны өз бетінше атап өтуді тоқтатпапты.

«Ашқұрсақ жүрсек те Наурыз мерекесіне қатты дайындалатынбыз. Ол үшін жүгеріні алдымен диірменге жаратын, оны түйіп, кебегін желге ұшырып, көжеге қосатынбыз. Бидайды қол диірменге тартып, келіге түйіп, дәу қазанға салып, түктеп қуыратын. Су, тұз, болып жатса бір тілім ет немесе сүрленген құйрық майын, қала берді жасымық қосамыз. Ол өзі мия секілді. Біз көк-сөктің орнына соны қосып, дәмді Наурыз көже әзірлейтінбіз. Дәмін айтсаңшы ол көженің», — деп əже тамсанып қойды.

«Қазір не қосам десе де келіндердің өз еріктерінде. Ет те, көжеге қосатын азық-түліктің бəрі бар. Наурыз – ол жәй мереке емес, ол – ата-баба дәстүріне құрметпен қарауды үлгі ететін үлкен мейрам. Барлығымызға ортақ мереке. Еңбек еткен адам жерде қалмайды. Қызылшаның арқасында марапаттың барлығын алдым. Сол еңбегімді елеп, ескеріп жатқан Президентімізге, ел азаматтарына рахмет», — дейді ол.

Бүгінде Аса ауылында тұратын ақжаулықты әжей жұбайы екеуі екі қыз тәрбиелеп өсірген. Қыздарынан 8 немере, 15 шөбере сүйген Күлбарам əже Наурыз мерекесінде шөберелеріне ескі тəсілмен наурыз көже дайындап, аштықта ішкен наурыз көженің дəмін шөберелеріме таттырып, қандай болатынын көрсетсем дейді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.