Адам саудасының алдын алуға әр азамат жауапты

0 5

 

Жер бетінде құқықтық мемлекеттердің саны басым болғанымен адам саудасы тоқтаған емес. Адамды құлдыққа жегу, еркінен тыс мәжбүрлеп ұстау, зат ретінде сату немесе өлтіру ХХІ ғасырдың ең дамыған мемлекеттерінің өзінде әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Дүниежүзінде есірткі мен қару-жарақ сатудан кейінгі қатты дамыған адам саудасының біздің де елімізде жиілеуі қоғамды алаңдатып отыр. 2019 жылы Walk Free халықаралық ұйымы Қазақстанда 75 мың адам құлдықта өмір сүруде деген деректі келтіреді. Яғни еліміз статистикаға енген 167 мемлекеттің ішінде 83-орынға жайғасқан. Бұл әрине жағымсыз көрсеткіш. Осы ретте бұған қатысты ресми деректер айтылмайды. Деректердің айқын болмау себептері де жоқ емес.

Біріншіден, шетелден келетін мигранттардың құлдыққа түсуіне қатысты мәліметтер анық емес. Екіншіден, құлдыққа түскендер босағаннан кейін өз Отанына қайтқысы келіп, Қазақстанда арызданбайды. Олардың мақсаты – тек құжаттарын кері қайтарып, үйіне оралу. Алайда өз елдеріне барған соң олар сонда арыз қалдырып, статистиканың құбылмалы болуына ықпалын тигізеді. Мәселен, Жамбыл облысы Қырғызстан, Өзбекстан елдерімен шекаралас жатқандықтан, қылмыс деректері осы аймақтардан байқалады. Үшіншіден, жезөкшелікке тап болған әйелдер болашағын ойлағаны үшін шағымданбайды.

Сондықтан ресми қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарды есептемесек құлдыққа түсіп, адам саудасының құрбанына айналғандар туралы тап басып айту қиын. Осыдан кейін жоғарыда аталған ұйым сияқты тәуелсіз институттар мониторинг нәтижесін, зерттеулерді негізге ала отырып болжам жасауда.

Құлдықтың заманауи формалары бойынша ҮЕҰ статистикасына сүйенсек, мәжбүрлі еңбек 60 пайызға, мәжбүрлеп қайыр сұрау 30 пайызға, ал жыныстық қанау 10 пайызға жуықтаған. Соңғы уақытта балаларды да сауда көзіне айналдырған саудагерлер саны артқан.

Былтыр қабылданған шаралар барысында Жамбыл облысы аумағында жезөкшелікпен айналысуға үй бергені үшін Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы Кодексінің 450-бабы бойынша тоғыз азамат ұсталған.

Адам саудасының алдын алуды және аталған қылмыспен қарсы ымырасыз күреске әр азамат жауапты екенін естен шығармаса екен.

Leave A Reply

Your email address will not be published.