«AQ JOL» – жыл­дың үздік басылымы

13

Елордада Astana Media Week шарасының соңғы күнінде бас­пасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер-2020» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары анықталды.

Салтанатты жиынды ашқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева үшкүндік шараның отандық ақ­парат саласының әлемдік бәсекеге қа­бі­летті екенін көрсеткенін атап өтті.

«Үш күнге созылған Astana Media Week жобасы халықаралық журна­лис­тиканың назарын елордамызға аударған ерекше іс-шара болды. Бүгінде бүкіл әлемді әбігерге салған пандемия жағ­дайында әлем журналистері бір арнада тоғысып, өз кәсіптеріне деген адал­дықты кезекті рет дәлелдеп отыр. Онлайн форматтағы платформада әлемнің 16 мемлекетінің көрермендері үшін 50-ден астам халықаралық медиа сарап­шы өз тәжірибелерін ортаға салды. Және ең бастысы – біздің отандық жур­на­листика деңгейі де әлемдік бәсеке­ге қабілеттілігіне көз жеткіздік», деді министр.

Қатысушылар АҚШ, Ұлыбритания, Швеция, Сауд Арабиясы, Ресей секілді елдерден қосылған білікті сарапшылардан саладағы соңғы өзгерістер мен трендтер туралы ақпарат алып, пандемия салдарынан өзгеріске ұшыраған медианың болашағы туралы орамды ойларын тыңдады.

 «Осындай ортақ алаңда өзара тәжірибе алмасып, озық үлгілерді үйрену журналистердің біліктілігін жетілдіріп, оны жаңа деңгейге көтеретіні анық. Соның ішінде отандық медиа саланың одан әрі дамуына үлкен серпін береді деп сенеміз. «Үркер» ұлттық бәйгесінің марапаттау рәсімі Astana Media Week апталығы аясында өтіп отыр», деп атап өтті ведомство басшысы.

Қоғамдағы әр саланың өзіндік орны барын баса айтқан А.Балаева, соның ішінде журналистиканың қоғам үшін атқарып отырған еңбегін жоғары бағалады. Оның айтуынша, әрбір қызмет лайықты баға­сын алуы керек. Министр қазылар алқасы жүзден жүйрік шыққандарға лайық­ты бағасын бергеніне сенімді екенін жет­кізді.

Ақпарат саласындағы ұлт­тық сый­лық биыл төртінші рет табысталып отыр.  Биылғы бай­қау­дың жаңалығы – қазақ журна­листикасының жампозы Шерхан Мұртаза атына арнайы аталым тағай­ын­далғаны болды.

«Шерхан ағамыздың отандық журналистиканы дамытуда ат­қар­ған еңбегі мен қосқан үлесі өлшеу­сіз. Сондықтан да қазақ журна­лис­тикасының асқар шыңы сана­латын Шераға атындағы мара­патқа ие болу – кім үшін де зор мәр­тебе, биік жетістік деп біле­мін», деді Аида Балаева. Аталған аталым бойынша мүсінше мен 1 миллион теңгені қазақ журна­лис­тикасының ақтаңгері, публицист Қайнар Олжай жеңіп алды.

Салтанатты жиында бар­лы­ғы 11 ата­лым бойынша үздік­тер анықталды. «Жыл­дың үздік фото­суреті» аталымына тәуелсіз эко­логиялық шолушы Сәкен Ділдахмет, ал «Үз­дік репортаж» аталымында Kyzylorda-news.kz порталының қыз­меткері Нұрсұлтан Мықты­баевтың жұ­мы­сы жоғары бағаға ие болды. Одан бөлек, «Жылдың үздік аналитикалық мате­риалы» бойынша Strategy2050.kz пор­талынан Кайрат Жандыбаев, «Үз­­дік журналистік зерттеу» аталы­мын­да «Время» газетінің журна­лисі Ми­хаил Козачков, «Үздік танымдық мате­риал» бойынша Sputnik Казахстан ақпа­рат агенттігінен Тимур Ниталиев мара­патталды. Ал «Egemen Qazaqstan» газеті­нің тілшісі Гүл­баршын Сабаева «Жыл­дың үздік сұхбаты» аталы­мын­да жеңіс­ке жетті. Сондай-ақ үздік мара­­патқа шығармашылық ұжым­дар да ие болды. «Atyray» радиостан­сасын­дағы «Эфирде 102 FM» бағ­дарла­масы «Радиостансадағы үздік жоба», Ten­gri­News порталы «Үздік жаңалықтар пор­талы», жамбылдық «AQ JOL» газеті «Жыл­дың үздік газеті», «Жұлдыз» журналы «Жылдың үздік журналы» деп танылды.

Жеңімпаздарға сертификат, «Үркер» естелік мүсіншесі мен 1 миллион теңге ақшалай сыйлық табысталды.

Қауіпсіздік шараларына байланысты көрермендер марапаттау рәсімін тіке­лей эфирде көруге мүмкіндік алды. Биыл барлығы 470 өтінім келіп түсті. Ақпа­рат саласының үздіктерін беделді қайрат­кер­лер, шығармашылық зиялы қауым өкіл­дері және танымал қазақстандық журна­лис­терден құралған қазылар алқасы таң­даған.

Astana Media Week шарасының биыл­ғы форматы қатысушылар мен қонақ­тарға жаңа мүмкіндіктер ашты. Білікті сарап­шылардың қатысуымен өткен панельдік сессияларды сайт ар­қылы 25 мың, әлеу­меттік желілер арқы­лы 10 мыңға жуық адам тамаша­лаған. Орта есеппен 1 панельдік сессияға 2500-ге жуық қатысушы қатысты. Министр А.Балаева шараны офлайн ұйым­дас­тырған кезде залға осын­шама адам­ды сыйғыза алмас едік дейді. Сон­дай-ақ оның айтуынша, қаты­су­шылар­дың географиясы да кеңейген. Шара­ны Қазақстан тұрғындары ғана емес, әлемнің 16 елінен тамашалаған. Минис­тр Astana Media Week шарасының халық­аралық деңгейде өткенін айта келе, алдағы уақытта да осындай форматты қолдайтынын жеткізді.

egemen.kz