Аса ауылының бас жоспары таныстырылды

32

Жуырда «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ғимаратында «Аса елді мекенінің бас жоспарына өзгеріс енгізу туралы» қоғамдық тыңдау өтті. Жиынға партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рүстем Қасымов, Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетов, аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Марат Байдалиев, ауыл ардагерлері және белсенді азаматтар қатысты.
Басқосуда Марат Аярбекұлы мен Бауыржан Құттыбайұлы Аса ауылының бас жоспары жасалынған соңғы сызба картамен таныстырды. Сондай-ақ, Аса ауылдық округінің аумағында орналасатын жаңа көшелерді, онда бой көтеретін 600 орындық мектеп пен 180 балаға арналған бөбекжайдың орнын сызба арқылы таныстырып, көпшіліктің пікірін тыңдады.
– Жаңа көшелер Абай көшесінің соңынан, яғни, оң жақ қапталынан бой түзейді. Аумағы 715,95 гектарды құрайтын жердің 608,90 гектары бас жоспарға енгізілгендіктен, 1772 жер телімі кезекте тұрған азаматтарға инфрақұрылым жүргізілгеннен кейін кезең-кезеңімен беріледі. Алғашқы кезеңде 774 жер телімі берілсе, ІІ кезеңде – 413, ІІІ кезеңде 585 жер телімі беріледі, – деді ауыл әкімі Бауыржан Қалшымбетов.
Қоғамдық тыңдауда Аса ауылының бас жоспары мақұлданып, Жамбыл аудандық мәслихатына бекітуге ұсынылатын болды.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
«Шұғыла».