«Асардың» аясында баспаналы болды

33

Халықтың қазынасы оның салт-дәстүрлерінен басталатыны сөзсіз. Соның бірі – ерте замандардан желісі үзілмей келе жатқан асар дүстүрі. Асар – өте ертеден келе жатқан халқымыздың озық әдет-ғұрпы, көпшіліктің көмегін пайдалану арқылы  жүзеге асырылатын озық дәстүр. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» десек те, асар дәстүрі жаһандану ғасырында да мән-мағынасын ешқашан жойған емес.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен өңірде жүзеге асырылып жатқан «Асарлатып үй салу» жобасы көптеген отбасылардың баспаналы болуына мұрындық болып отырғанын баса айтуға тиіспіз. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, игі дәстүрге құрылған бағдарлама аясында биыл жыл ішінде Жуалы ауданында 12 отбасына баспана берілді. Оның ішінде аз қамтылған көпбалалы, жалғызбасты, сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайларға тап болған отбасылар бар.

Апта басында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында аудан орталығынан шалғайда жатқан қасиетті Қошқарата ауылында көпбалалы бір отбасы баспаналы болды. Қуаныш иелерін ауылдық округтің әкімі Жәнібек Мырзалиев құттықтап, баспананы сатып алып беруге қол ұшын созып, қайырымдылық көрсеткен ауылдағы шаруашылық басшысы Досмаханбет Кенжебековке алғыс білдірді. Ал ауылдық округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Андасбек Мырзалиев, қоғамдастық кеңесінің төрағасы Жорабек Шыршықбаев, ауылдық округтің имамы Нұрмахан Таңатаров та сөз сөйлеп, халқымыздың қайырымдылық қасиеттерін, қысылғанға қол ұшын созудың аса сауапты да қайырымды іс екенін баса айтты. Баспаналы болған көпбалалы Заңғар Өтешовтың отбасына екі дана кілем, төсеніштер мен күнделікті тұрмысқа қажетті ыдыс-аяқтар сыйға берілді.

Ауылдың берекесін сол ауылдың азаматтары арттыратыны белгілі. Ауылдың кескін-келбеті де қайырымды азаматтарының игі істеріне, ынтымақ-бірлігіне байланысты екені даусыз. Осы күнге дейін Қошқарата ауылдық округінің орталығы Қошқарата және Қызтоған ауылдарына барлығы бес отбасы көшіп барды. Бұл отбасылардың барлығына ауыл тұрғындары көмек көрсетіп, кем-кетігін түгендеп, отын-суына қол ұшын беруде. Кейбіріне ұсақ тұяқ та беріліп жатқанына куәміз. Мұндай игі дәстүрдің алдағы уақытта да ұйымшылдықпен жалғаса беретініне күмәніміз жоқ.