«Атамекен» экспедициясы Жамбыл облысында жалғасуда

0 14

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінің бастамасымен өңірлерде «Атамекен» ақпараттық-танымдық экспедициясы бастау алған болатын.

Аталған экспедиция қазір Жамбыл облысында жалғасуда. Бүгін, Жамбыл сапарының алғашқы күні экспедиция мүшелері Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылында орналасқан Айша бибі кесенесі мен Бабаджа хатун кесенесіне барды.

Жалпы, Айша бибі аңызы, Қарахан екеуінің мәңгілік махаббаты жөнінде жұртшылық жақсы біледі. Бұл ретте Айша бибі кесенесі еліміздегі теңдессіз сәулет өнерінің көрінісі, ортағасырлық мәдениеттің айғағы, ұлтымыздың ұлылығын бейнелейтін тарихи негізі ретінде белгілі.

кес

Экспедиция мүшелерін Жамбыл аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Төлендиев пен аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Асқар Сырлыбаев қарсы алып, жергілікті тарихи орындарға байланысты мағлұматтарымен бөлісті. Ал, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» қызметкері Ақжан Орозбакова Айша бибі тарихы жөнінде әңгімеледі. Облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт «Атамекен» экспедициясының маңыздылығына тоқталды.

Жалпы, екі күндік экспедиция барысында өңірдің бірқатар аудандарымен қатар, Тараз қаласындағы тарихи-мәдени орындарды аралап шығу жоспарланған. Ел газеті өңірлердегі тарихи орындарды аралау арқылы еліміздегі киелі құндылықтарды елге танытып, насихаттауды мақсат етуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.