Әулиеатаның үміттері марапатталды

44

«Баласағұн» концерт залының ғимаратында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сан салада самғап ұшып, білім мен ғылым, өнер мен кәсіпкерлік, мәдениет пен әдебиеттің келешегі жолында өз үлестерін қосып, жетістікке жетіп жүрген жалынды жастармен жүздесті.

«Әулиеата үміті-2020» облыстық жастар сыйлығы өңір өрендерінің азаматтық және қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, білім, ғылым, өнер, мәдени, шығармашылық деңгейінің артуына және өңірдегі жастар саясатындағы өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыруға жағдай жасай отырып, әртүрлі салада жетістікке жеткен және қоғамдық өмірде белсенді болған жастарды қолдау мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
Шараға арнайы келіп қатысқан облыс басшысы Бердібек Машбекұлы ел сенімін арқалаған жігерлі жастарға келелі кеңесін айтып, бағындырар белестер мен алар асуларды айшықтап атап өтті. Одан кейін облыс әкіміне сан салада самғап келе жатқан жастар өздерінің көкейдегі сауалдарын айтып, тұщымды жауап алды. Ұтымды ұсыныстарымен бөлісті. Еркін, емен-жарқын жүздесу барысында барысында «Әулиеата үміті-2020» облыстық жастар сыйлығының жеңімпаздарын марапаттады. Атап айтсақ, комиссия шешімі бойынша «Үздік жас ғалым» номинациясын А.Жаманқұл, «Үздік жас мұғалім» номинациясын М.Рахметқұлқызы, «Үздік жас медицина маманы» номинациясын Е.Төлебеков, «Үздік жас спортшы» номинациясын Е.Кәрібай, «Музыка (Үздік жас әнші немесе Үздік жас музыкант)» номинациясын А.Есекеева, «Театр және кино саласының үздік жас актері» номинациясын З.Асан, «Үздік жас жазба ақын» номинациясын Н.Қадірәлі, «Үздік жас айтыскер ақын» номинациясын Д.Апбасов, «Үздік жас баспа журналист» номинациясын Л.Нұрматова, «Үздік жас тележурналист» номинациясын Ш.Дәкен, «Үздік жас мемлекеттік қызметші» номинациясын Д.Құлыбай, «Үздік жас құқық қорғау саласының қызметкері» номинациясын А.Махамбетова, «Қоғамдық қызметтегі үздік жас» номинациясын Н.Қарабаев, «Үздік жұмысшы жас» номинациясын А.Абделі, «Үздік жас кәсіпкер» номинациясын Б.Кабдуллин, «Үздік жас волонтер» номинациясын Б.Балғабай, «Үздік жас меценат» номинациясын А.Олжабай иеленді. Жеңімпаздарға арнайы статуэтка, диплом және ақшалай сыйақыны өз саласының майталмандары табыстады.
Осы ретте «Әулиеата үміті» атанған әріптестеріміз, «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты облыстық «Арай» және «Знамя труда» газеттерінің белді журналистері Нұржан Қадірәлі мен Лола Нұрматованы жетістіктерімен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз!

 

Кәмшат ҚАДЫР