Б. Сапарбаев: Мемлекет басшысының тапсырмалары нәтижелі жүзеге асуы тиіс

0 10

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауы  маңызды әрі тарихи шешімдерге негізделген. Ондағы стратегиялық мақсатқа жетуге мүмкіндік беретін ауқымды бастамалар мен басым міндеттерді жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдарға үлкен жауапкершілік артылады. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімідігінде өткен жиында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев  айрықша атап өтті.

Басқосуда облыс әкімі Мемлекет басшысының  тапсырмалары мен Жолдаудан туындайтын басымдақтарға жекелей тоқталып, олардың өзектілігін жеткізді.

— Мемлекет басшысы 10 негізгі бастамасы арқылы маңызды міндеттер жүктеп отыр. Біз оларды жергілікті жерде нәтижелі, тиімді жүзеге асыруға тиіспіз. Ол үшін нақты әрекеттерге негізделген кешенді жоспарымыз болу керек.

Ақпараттық-насихаттық топтар барлық аудандар мен қалаларды аралап, халық арасында жан-жақты түсіндіру шараларын жүргізу қажет. Олардың газеттегі сөздерді жаттап алмай, қарапайым, түсінікті тілде жеткізгені маңызды. Президенттің тапсырмалары қалай орындалады, соны айту керек.

Жолдаудан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы үкімет мүшелері мен әкімдермен кеңес және жекелей қабылдаулар өткізіп, нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысына облыста атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндадым.

Бізге қазір халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын бақылауда ұстау, саяси  реформалардың кезекті топтамасын іске асыру, тұрғындармен жиі кездесу, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді жедел шешу, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік төлемдерді уақытылы жүзеге асыру секілді мәселелерге баса назар аудару керек.

Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысына барынша көңіл бөліңіздер. Бұл тұрғыда жанармайдың жеткілікті болуы, сапалы тұқым, тыңайтқышпен қамту, су қоймаларына қажетті ылғал көлемін жинақтап алу аса маңызды,-деді Б. Сапарбаев.

Аймақ басшысы әлемдегі қалыптасып отырған күрделі ахуалды сөз етіп, оның елімізге, өңірімізге әсерін жан-жақты зерделеу, соған сәйкес шаралар қабылдау қажеттілігін атап өтті.

Басқосудың күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова ағымдағы жылдың алғашқы екі айының көрсеткіштері туралы баяндады.

Облыс әкімі жұмысы төмен басқарма басшылары мен аудан әкімдерінен жауаптар алып, өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырмалы түрде оң нәтижеге жету үшін нақты тапсырмалар жүктеді.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.