Б. Сапарбаев: Негізгі міндет – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру ​

0 14

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша Жамбыл облысында жергілікті биліктің тұрғындармен кері байланысына тиісінше көңіл бөлінуде. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев аудан әкімдері мен басқарма басшыларына әлеуметтік желіде белсенділіктерін арттыру бойынша нақты тапсырма жүктеді. Бұл туралы аппараттық кеңесте жан-жақты айтылды.

Жиында облыс әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы баяндама жасап, аудан әкімдері мен басқарма басшыларының әлеуметтік желідегі белсенділігі, тұрғындармен кері байланысы бойынша жүргізілген талдау қорытындысына тоқталды.

— Кейбір аудан әкімдерінің парақшасы тіркелгенімен, жүйелі түрде жүргізілмейді, кері байланыс жоқ деуге болады. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарының наразылығын тудыратыны сөзсіз.

Мәселен, Меркі ауданының әкімі жыл басынан бері фейсбукта бірде-бір пост салмаған. Жуалы ауданының әкімінің инстаграмдағы парақшасы жабық, яғни жалпыға қолжетімсіз, фейсбукта ешқандай жазба жарияламаған. Сарысу ауданы әкімінің инстаграм, фейсбукте парақшалары жыл басынан бері мүлде жүргізілмейді. Т. Рысқұлов ауданында да  өзекті мәселелер бойынша нәтижелі кері байланыс орнатылып, нақты жауаптар ұйымдастырылмаған.

Түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен Қорағаты ауылында жер даулары туындаған,- деген баспасөз хатшысы мұндай кемшілік басқарма басшыларына да қатысты екенін жеткізді.

Сондай-ақ, баяндамашы барлық аудан әкімдері мен басқарма басшыларын инстаграм және фейсбук парақшаларының болу керектігін әрі олардың сапалы жүргізілуін, кейбір аудандар мен басқармаларда баспасөз хатшыларына арнайы штаттың қарастырылмағанын, басым бөлігінің мардымсыз жалақы алатындарын атап өтіп, бірқатар ұсыныстарын білдірді.

Алдағы уақытта бұл бағыттағы талдау ай сайын тұрақты түрде жүргізіліп отырмақ.

Облыс басшысы мәселелер бойынша аудан әкімдерінен жеке-жеке жауап алды. Барлық ұсыныстарды қолдайтынын айтқан аймақ басшысы, жұмыстарды жүйелеу үшін бір ай уақыт беріп, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

— Мемлекет басшысы халықпен тиімді кері байланыс орнатуға айрықша назар аударуда. Ал, біз жергілікті жерде бұған қаншалықты мән беріп отырмыз?

Қазір халықтың басым бөлігі әлеуметтік желіде отырады. Барлық ақпаратты сол жақтан алады. Аудан әкімдері, басқарма басшылары атқарылып жатқан жұмыстарды көрсете білуі тиіс. Өзекті мәселелер бойынша шағымдарға жедел нақты жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын күшейтуіміз керек.

Әрбіріміз өзіміздің азаматтығымызды танытып, халықты елдікке үндеп, бірлікке шақыруымыз қажет. Сонда ғана түрлі бағыттағы жалған ақпараттарға, арандатушыларғатосқауыл бола аламыз.

Әлеуметтік желілермен жұмыс жүйелі жүргізілсе, халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерді анықтап, оларды шешу бойынша уақытылы шара қабылдай аласыздар,-дей келе Бердібек Сапарбаев бұл тұрғыдағы мәселелерді жеке бақылауына алатынын баса айтты.

Аппараттық кеңестің күн тәртібіндегіцифрландыру саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар, әдеп жөніндегі уәкілдің есебі тыңдалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.