Байзақта қос отбасы баспаналы болды

21

Бүгінде ұлттың болмысындағы ерекше қасиет «Асар» дәстүрін «Рухани жаңғыру» жобалық офисі арнайы көтеріп, өңірде «Асарлатып үй салу» жобасын іске қосқалы бері аудан аумағында баспанаға шын мұқтаж отбасылардың мәселесі біртіндеп оң шешімін табуда. Ондай жағымды жаңалықты сүйіншілеп жеткізіп отыратынымызға көзі қарақты оқырман қауым құлағдар.

Бұл ретте бірінші кезекте кімдерге көмек көрсетілетінін жергілікті ақсақалдар кеңесімен келісе отырып, адамдардың өздері шешеді. Жергілікті атқарушы органдар да игі бастамадан тыс қалмауы қажет. Негізінен мұнда баспанаға мұқтаж азаматтарға асарлатып үй салынады.

Жаңа жыл мерекесінде “Асарлатып үй салу” жобасы аясында, Түймекент ауылдық округінде тұрмысы төмен, көп балалы Ғалымжан Бекбауовтың отбасы баспаналы болды.

Қуанышты сәтті ауылдастармен бірге аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Тлепов, аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков бөлісіп қайтты.

Нұржан Сейдазымұлы облыс әкімінің бастамасымен “Асар” дәстүрінің ауданда бастау алғанын атап өтіп, тәрбиелік мәні бар үлкен істе бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген түймекенттік ағайынның еңбектеріне ризашылығын айта келе, облыс, аудан басшылығы және өз атынан айтулы істе белсенділік танытқан ауылдастарға алғысын жеткізді. Ауылдық округтегі ақсақалдар алқасының төрағасы Марат Бөгенбаев, Ақжар ауылынан арнайы келген ақ жаулықты ана Ботакөз Тоғайбаева, қоныс тойдың иесі Ғалымжан Бекбауов сөз сөйлеп, айтулы істе белсенділік танытқан бірқатар азаматтар, шаруа қожалықтар мен кәсіпкерлерге, осындай игі іске қолдау көрсеткен аудан және ауылдық округ әкіміне алғыстарын білдірді. Ауылдық округ әкімі Қанат Смағұлов осы ауылдық округке әкім болып тағайындалған соң елді мекендегі тұрмысы төмен отбасыларын зерделеу барысында Ғалымжан Бекбауовтың отбасына газ кіргізілмегенін анықтап, демеушілер арқылы көгілдір отынға қол жеткізілгенін атап өтіп, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында жаңа баспананың іргетасы қалана бастағанын жеткізді. Өз кезегінде «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» білген түймекенттік ағайынның арқасында аталмыш құрылыс жалғасын тауыпты. Жаны жомарт, қолы ашық азаматтар ешбір ойланбастан қолдан келген көмектерін берген. Атап айтсақ, Бөкенбай Битабаров, Азимхан Биназаров, Ермек Арыпбеков, Ауес Қалабаев, Марина Байжарикова, Рахат Серикбаев, Мұқағали Оңалбаев әрқайсысы елу мың теңгеден қаржылай қолдау көрсетсе, ауыл мешіті арқылы төрт кілем тарту етілген. Серік Мамырбаев пен Жасұлан Алтынбеков балалар бөлмесін жабдықтауға үлес қосса, Наурызбек Жолданов 80 шаршы метр созылмалы төбені, Ғабит Кенесариев пластик терезелер орнатуға көмектескен. Басқа да ауыл азаматтары қой, ешкі малдарын жеткізіп берген.

Дәстүрге сай шашу шашылып, қонақтар жаңа баспананың ішін аралап, құтты болсын айтты. Шара соңында баспананың салынуына сүбелі үлес қосқан ауыл тұрғындары аудан әкімі, аудандық мәслихат, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы және ауылдық округ әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

*   *   *

“Асарлатып үй салу” жобасы аясында бой көтерген келесі тұрғын үй Жаңатұрмыс ауылында тұрмысы төмен Жандарбек Әжібаевтың отбасына пайдалануға берілді. Кісінің кісіге болысуы, ағайындықтың айқын көрінісі болған асарлату дәстүрі осылайша тұрмыс жағдайы төмен тағы бір отбасын қуанышқа бөледі.

Қуанышты сәтті ауыл тұрғындарымен бөлісуге келген аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Тлепов пен аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков ағымдағы жылдың соңына дейін ауданда халықтық құрылыс әдісін қолдана отырып барлығы 14 үй салынғанын атап өтті.  Яғни, бұл ауылдастары мен жергілікті биліктің көмегімен көптеген отбасылар тұрғын үй жағдайын жақсартып, жаңа баспаналы болғанын жеткізіп, ауыл тұрғындарын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Аудан басшылығы және өз атынан айтулы істе белсенділік танытқан ауылдастарға, ауыл әкіміне алғысын жеткізген соң, қазақтың ертеден келе жатқан салт-дәстүріне сай «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша Жаңатұрмыс ауылындағы тұрмысы төмен отбасына тұрғын үй соғу барысында сүбелі үлестерін қосып, белсенділік танытқандары үшін Айдар Джанысбаев, Ердос Иманқұлов, Замира Жанұзаққызы, Нұржан Нұрланұлы аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың Алғыс хаттарымен марапатталды.

Бұдан соң ел ағасы Қалдыбек Мейірбеков сөз алып, ауыл тұрғындарын қуанышты сәттерімен құттықтап, жүрекжарды жылы лебізін айтты. Жеңгелер шашу шашып, жаңа тұрғын үйдің ішін аралап көрді.

Осылайша, аудан халқын бірлік пен ынтымаққа ұйыстырып, жарасымды татулықты паш еткен, мұқтаж жандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді көздеген шара нәтижесінде аудан аумағында 14 отбасы баспанаға қол жеткізді. Бір сөзбен айтқанда, ата-бабаларымыздан келе жатқан бірлік пен өзара көмек дәстүрі халқымыздың ең бір ізгі істерінің бірі болып қала бермек.

 

Мұхтар МАНЕКЕЕВ,

Байзақ ауданы.