Байзақта “сервистік әкімдік” ашылды

0 81

Сарыкемер ауылында орналасқан «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы ғимаратының бірінші қабатынан «Сервистік әкімдік» ашылып, оған «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті жанынан құрылған ақпараттық — ағарту штабының жетекшісі Қасымхан Төлендиев пен аталмыш департамент басшысының орынбасары Равиль Тулебаев арнайы келіп қатысты.

Заманауи үлгіде барлық жағдайы қарастырылған «Сервистік әкімдік» жұмысымен аудан әкімі Нұржан Нұржігітов таныстырды. Нұржан Молдиярұлы ауданда ашылған цифрландырылған ақпараттық орталықтарға тоқталды.

 –  Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2018 жылы ауданда жалпы құны 2,5 миллион теңгеге 8 ақпараттық орталық ашылса, өткен 2019 жылы 5,8 миллион  теңгеге 10 орталық пайдалануға берілді.

Үстіміздегі жылы тағы да бес ақпараттық орталық (құны 3,8 миллион теңге) ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл орталықтар он сегіз ауылдық округтерде ашылып, нәтижесінде 2018 жылы – 327, 2019 жылы – 3504, ал, осы жылдың тамыз айына дейінгі аралықта 6370 қызмет түрлері көрсетілген. Ақпараттық орталықтарда ЭЦҚ ашу арқылы 76 мемлекеттік қызмет түрлерін алуға мүмкіндік туындады, — деді.

Аталмыш орталықта аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс, жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол көлігі, автомобиль жолдары, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, халықты жұмыспен қамту орталығы орналасып, халыққа қызмет көрсетеді. Бұған қоса аудан әкімдігіне қарасты бірқатар бөлімдер мен «Рухани жаңғыру» және «Байзақ – адалдық алаңы» жобалық кеңселері де осында орналасқан.

Сервистік әкімдік арқылы ауыл тұрғындары консультативті көмек алып, түйткілді мәселелерінің шешімін таба алады. Ашық орталық арқылы атқарушы орган өкілдері жергілікті тұрғындарды алдын-ала тіркемей-ақ, аптаның белгіленген күндері кез келген  уақытта қабылдайды.

Азаматтардың барлық өтініш — тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын және халыққа мемлекеттік қызметтерді бір ғимаратта, ауданның әр түкпірінде орналасқан бөлімдерді іздемей-ақ алуға мүмкіндік беретін жаңа сервистік әкімдігі ашықтық пен қолжетімдік өлшемдеріне сәйкес келеді және жергілікті атқарушы органдар қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және сыбайлас жемқорлық көріністерін барынша азайтуға ықпал етеді.

Орталық жұмысының барысымен мұқият танысқан соң шара соңы аудан активімен кездесуге ұласты.   Кездесуді Равиль Қуанышбайұлы ашып, басқосудың маңыздылығына тоқталып, орталық жұмысына сәттілік тіледі. «Бүгін Сіздердің ауданда ашылып жатқан «Сервистік әкімдік» өте жақсы ұйымдастырылыпты. Мұнда халыққа ыңғайлы жағдай жасалыпты», — деп бастады өз сөзін штаб жетекшісі Қасымхан Төлендиев.

— Ағымдағы жылы 19 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде арнайы кеңес өткізіп, онда негізгі бес басымдыққа тоқталды. Олардың қатарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүйелі түрде ескерту, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес, цифрландыруды жеделдету, бизнесті қолдау, қоғамдық бақылауды күшейту бар. Жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ мемлекет құрудағы азаматтық қоғамның күш-жігерін шоғырландыруға мүмкіндік береді», – деді Қасымхан Естемесұлы. Штаб басшысы бұл жемқорлықпен күресудің тиімді тәсілдерінің бірі екенін айтады. Жалпы, штабтың мақсаты-да адамдардың моральдық-этикалық түсінігіне ықпал етіп, адал әрі ашық қоғам қалыптастыру. Ең бастысы – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Өз кезегінде сөз алған «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев Мемлекет басшысы тапсырмасы арқылы жүзеге асырылып жатқан орталық жұмысының тиімділігін алға тартып, партияішілік праймериз барысына тоқталды.

Ал, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Тлепов қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болатынын айтты. Ғимараттың өзі халыққа қолайлы жерде орналасқанын атап өтіп, сервистік орталықтың ашылуына арнайы келгендері үшін ризашылық сезімін білдірді.

Жеделділік пен нәтижелік – әкімдік қызметіне қойылатын басты талап екенін ескерсек, барлық деңгейдегі әкімдіктердің сервистік форматқа көшуі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына толық сәйкес келеді.

Мұхтар ШАЛҒЫНБАЙ,

Байзақ ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.