Балғындар қуанған күн

45

Жаңа жыл – барша жұрт асыға күтетін, таңғажайып әрі ең көңілді отбасылық мерекелердің бірі. Әсіресе, бұл мейрамды балалардың асыға күтетіні белгілі. Дегенмен биыл пандемияға байланысты жаңажылдық мерекелік шаралар өтпейді. Сондықтан бүлдіршіндер ертегі әлеміндегідей жасыл шырша маңындағы думанда асыр салып ойнай да алмайды. Соған қарамастан, карантиндік талаптарды ескере отырып, Тараз қаласындағы өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне Жаңа жыл мерекесіне орай Президент атынан сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар табысталды.

– Игі шараға ата-ана қамқорлығынсыз қалған, жетім, көпбалалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан, ерекше білім беруді қажет ететін, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасы балалары, мүмкіндігі шектеулі, білім, өнер және спортта жетістіктерге қол жеткізген талантты да дарынды оқушылар қамтылды. Барлығы 200 балаға Президент атынан жаңажылдық сыйлықтар тарту етілді. Балғындарға Мемлекет басшысының құттықтау хаты мен екі тілдегі «Ұлы Абай» энциклопедиясы, «Қазақ ертегілері» жинағы, тәтті сыйлықтар және ақшалай сертификат берілді, – деді облыс әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева.
Бұдан өзге дәл осындай жаңажылдық сыйлықтар облыс орталығындағы білім ошақтарының 21 оқушысына да табыс етілді. Расында, балалар асыға күтетін мерекеде Президенттің арнайы сыйлығы олардың көңілін көтеріп қойғаны белгілі. «Қуанса, бала қуансын» деген сөзді мақсат еткен сала мамандары бүгінгідей қиын шақта оларды ұмытпағаны қуантады.

 

Шынболат Сейдуалиев