Облыста балық шаруашылығының өрісі кеңеймек

199

Өткен 2020 жылы облысымызда балық шаруашылығын дамытуды мейлінше қолға алды. Қазіргі таңда облыс аумағында 122 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындыны болса, республикалық маңызы бар Балқаш көлінің 18 учаскесі орналасқан. Оның 83-і кәсіптен нәсіп табам деген 74 табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Қалған 38 балық шаруашылығы су айдыны әзірге бос.

Жануарлар дүниесін қорғау және балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Руслан Балтаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың тамызында резервтік қордағы 13 балық шаруашылығына су айдындарын бекітіп беру конкурсы өткізілген. Конкурсқа 18 кәсіпкерден 20 конкурстық өтінім түсіп, нәтижесінде 5 кәсіпкерге 5 балық шаруашылығы су айдындары бекітіліп берілген. Алдағы уақытта қалған су айдындарына конкурс жарияланады. Жалпы өңіріміздегі балық шаруашылығы су айдындарына осы жылдың 15 ақпанынан бастап, 1 шілдесіне дейін балық аулау лимиті 673,3 тоннаны құраған. Бүгінгі күнге 666 тонна балық ауланыпты. Нәтижесінде табиғат пайдаланушылардан жергілікті бюджетке 11 млн 943 мың теңге түскен. Ал ағымдағы жылдың 1 шілдесінен 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін облыс аумағындағы балық шаруашылығы су айдындарына балық аулау лимиті 1150,7 тоннаны құрап отыр.

Облыстағы балық шаруашығын дамытуда су айдындарын тіршілік нәрімен қамтамасыз етуде кедергілер бар көрінеді.

«Басқарма облыстағы барлық су айдындарын сумен қамтамасыз етілуін зерделеп шықты. Нәтижесінде, 122 су айдынның тек 17-де ғана су деңгейі тұрақты екендігі анықталып отыр. Біз облысымыздағы балық шаруашылығы су айдындарын сумен тұрақты қамтамасыз етпесек, келешекте балық шаруашылығын дамыту қиынға соғады. Оның үстіне, табиғи су қоймаларында өсірілген балық аулау квотасын көтеру де қиындық туғызады» — деді маман.

Сондықтан Басқарма жеке тоғанда интенсивті балық өсіру шаруашылығын дамыту тәжірибесін қолға алған. Бұл әдістің ерекшелігі сол Кәсіпкер өзінің жеріне тоған салып, балық өсіреді. Жем, шабақ, аналық балық сатып алу, құрал-жабдық сатып алу мемлекет тарапынан субсидияланады. Тоғанды алып қою қаупі болмайды.

«Жамбыл ауданында Жасөркен ауылының маңайында жеке кәсіпкер Сауранбаев Р. өзінің жеке меншік жеріне тоған салып, жылына 30 тоннаға дейін балық өндіріп отыр. Оның үстіне, тоған жағалауына демалатын орын салып, қызмет көрсетуде» — дейді Руслан Балтаев.

Нұрдаулет АСАН