Бақылау бар жерде кемшілік жоқ

27

Апта аралығында аудан әкімі Сәкен Арубаев орынбасары Нұрлан Несіпбеков, аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Тілеубаев, аудандық тұрғын үй-комуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Елдос Кеңесбековпен бірге мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы және «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауданымызда атқарылып жатқан бірқатар құрылыс жұмыстарын тағы бір аралап көрді, — деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі

Аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, «Бином» ЖШС қолға алған 76 пәтерлі тұрғын үйдің, Жамбыл ауылындағы білім ордасының, Жалпақтөбедегі ауылдық Мәдениет үйінің, Ақбұлым, Айшабибі, Қызылқайнар елді мекендеріндегі ауызсумен қамту жүйесінің, Жасөркен аулындағы шекара шебінен заңсыз өткен малдарды қамауға арналған пунктінің құрылысымен етене танысып, сала мамандары мен жауапты тұлғаларға анықталған кемшіліктер бойынша жедел әрекет жасау керектігін тапсырды. Бағдарлама шеңберіндегі қолға алынған жұмыстар жыл соңында аяқталуы тиіс екенін, кешеуілдеп қалған мердігерлердің жұмысын жандандыру керектігін тілге тиек етті.
– Құрылыс жұмыстарына бақылау жұмыстарын үдетуіміз керек. Бақылау бар жерде кемшілік жоқ. Ауыл әкімдері мен тиісті сала басшылары ең алдымен сапаға аса көңіл бөліп, жұмыстың аяқ-алысын назарда ұстауы қажет. Жергілікті тұрғындардығ жұмыспен қамтылуында қолға алғанымыз абзал. Мектептің еңсе тіктеу өте баяу. Ақбұлымдағы ауызсу жүйесінде де осы жағдай. Қосымша жұмысшылар жалдап, тірлікті тиянақтауды қолға алыңыздар, – деді Сәкен Қаланұлы құрылыс басында.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,

«Шұғыла»