Белгіленген межелерге салғырт қарамау керек

30
Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Мойынқұм, Шу аудандарына жұмыс сапарымен барып, ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстардың барысымен танысты.
Мойынқұм және Шу аудандарының шаруа қожалықтарымен кездесіп, аудан атқа мінерлерінің агросалада атқарған жұмыстарының есебі тыңдалған жиында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов баяндама жасап, ауданда орындалмаған көрсеткіштер мен ағымдағы жылға бекітілген жоспарларды атап өтті.
Өз кезегінде Берік Болатұлы берілген тапсырмалардың тиянақты орындалуын және биылғы жылға белгіленген межелерге қол жеткізуге салғырт қарамауды тапсырды.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары аталған аудандардағы пилоттық ауылдық округ тұрғындарымен жүздесіп, арнайы жиын өткізді. Онда алдымен ауылдық округ әкімінің баяндамасы тыңдалса, одан кейін кооператив төрағасының есебі тыңдалды.
Есеп беру барысында тұрғындар өз пікілерін білдіріп, бірқатар проблемаларды көтерді. Мәселен, Айдарлы ауылының тұрғындары жоба аясында сатып алған малдарынан өндірілген өнімді өткізе алмай отырғандықтарын және жайылым мен егістік жерлердің жетіспейтіндігін, ал Көктөбе ауылының тұрғындары несие төлеу мерзімдерін ұзартуды қарастыруды өтінді.
Мәселеге қаныққан облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев Мойынқұм ауданының әкімдігі мен тиісті басқарма басшыларына 1 ақпанға дейін сүт цехын ашу бойынша жұмыстарды жандандыруды, ауылдық округ аумағында игерілмей жатқан жерлерді анықтап, тұрғындарға пайдалануға беру туралы ұсыныс енгізуді тапсырса, несие төлеу мерзімдерін ұзарту мәселесін қарастыратынын жеткізді.
Іссапар барысында Берік Болатұлы Мойынқұм ауданындағы 1,5 мың гектар суармалы алқапты сумен қамтамасыз етіп отырған лоток желісімен, Шу ауданының Бірлік ауылындағы көкөніс сақтау қоймасының, Төле би ауылындағы ветеринариялық станция мен Шу қаласындағы Қосқұдық ормандары және жануарлар дүниесін қорғау мекемелерінің жұмысымен танысты.
Сондай-ақ, «Ирригациялық дренаж жүйелері жобасының» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Шу ауданындағы су шаруашылығы нысандарын аралап, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компаниялармен кездесті. Кездесу барысында мердігер компания өкілдеріне құрылыс барысында жіберіліп жатқан кемшіліктерді жоюды және ағымдағы жылдың суару кезеңіне дейін құрылыс жұмыстарын аяқтауды міндеттеді.