Бердібек Сапарбаев ардагерлермен кездесті

0 5

Жастар тәрбиесі мен ел дамуында аға буын ардагерлердің алатын рөлі зор. Бұл туралы облыс аумағындағы түрлі саланың еңбек ардагерлерімен өткен кездесуде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айрықша атап өтті.

Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттары мен міндеттері туралы жан-жақты айтылды.

Аймақ басшысы Жолдаудағы оң негізгі бастамаға, Президент тапсырмаларының орындалу барысын жеткізді. Қаңтар оқиғасының себеп-салдары, көппартиялы жүйені жетілдіру, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың рөлін күшейту, сайлау жүйесіндегі өзгерістер, азаматтық қоғамды дамыту, биліктің халықпен кері байланысын нығайту және тағы да басқа өзекті бағыттарға кеңірек тоқталды.

– Сіздер түрлі салада елеулі еңбек етіп, өңірдің дамуына барынша үлес қостыңыздар. Бүгінде белсенділік танытып, қоғамдық шаралардың бел ортасында жүрсіздер. Қоғамдық келісім, тыныштықтың сақталуына барынша атсалысып келесіздер. Сол үшін алғысымыз шексіз.

Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыру бойынша жұмыстарға Сіздер де барынша атсалысасыздар деп сенемін.

Облыстық ардагерлер кеңесі 100 мыңнан астам мүшесі бар жоғары әлеуетке ие ұйым. Өкінішке орай өңірде қазіргі таңда 26 ғана Ұлы Отан соғысының майдангері қалды. Біз аға буын – ардагерлерді әрқашан құрметтеп, қолдауға тиіспіз.

Жақында аймақтағы 90-100 жастан асқан қариялардың басын қосып, ауқымды игі шараны өткізуді жоспарлап отырмыз. Сол арқылы олардың өмірлік өнегелерін, тәжірибелерін, ғибраттарын, еңбексүйгіштіктерін жастарға насихаттайтын боламыз, – деді Бердібек Сапарбаев.

Аймақ басшысы көктемгі дала жұмыстары, суармалы су мәселесін шешу, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын  тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан шаруалардың бірқатарын атап өтті. Сондай-ақ «Бейбітшілік пен келісім», «Жомарт түлек», «Таразға тарту», «Асарлатып үй салу» секілді жобалардың нәтижелеріне тоқталып, олар арқылы бірқатар мәселелердің шешіліп жатқанын тілге тиек етті.

Өз кезегінде ардагерлер де сөз алып, орамды ойлары мен ұтымды ұсыныстарын ортаға салды.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қашанда игі істерде алдыңғы қатардан табылатын ардагерлер Мемлекет басшысының Жолдауын насихаттаудан, Президент тапсырмаларын орындаудан шет қалмайтынын жеткізді. Ол қариялардың жастарды ұлттық дәстүр негізінде тәрбиелеу жолында жұмыс жасайтынына, кітапхана, түрлі орталықтар секілді бюджеттік мекемелелердің әлеуетін тиімді пайдалану керектігіне назар аудартты.

Талас аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы облыста және ауданда атқарылып жатқан жұмыстар мен оң көрсеткіштерді тілге тиек етіп, билер кеңесінің маңыздылығын, әсіресе жас отбасылардың ажырасуын болдырмаудағы нәтижелі жұмысын атап өтті. Аса көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығын жоғары деңгейде атап өту бойынша өтінішін білдірді.

Облыс әкімі С.Әбсадықұлының сөзін құптап, тұлғаның мерейтойын атап өтуге қатысты ауқымды іс-шаралар жоспары жасалғанын жеткізді.

Өз ойларын білдірген өзге де қариялар жас ұрпақ тәрбиесі, қоғамдағы татулық пен бейбітшілік, әлеуметтік желіде дұрыс ақпарат тарату, Қоғамдық кеңес жұмысына қатысты және ардагерлердің спортпен айналысуына мүмкіндік жасау, оларды сауықтыру-демалыс орындарымен барынша қамту секілді бірқатар өзекті жайттарды көтерді.

Жиынды қорытындылаған Бердібек Сапарбаев барлық ұсыныс-пікірлер назарға алынатын, ардагерлердің барлық мәселелесі шешілетінін баса айтып, Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді бірлесіп орындауға шақырды. Аймақ басшысы қоғамдағы тәртіп пен тыныштық – дамудың негізі екенін, ел игілігі жолында бұқара мен биліктің үйлесім әрекет етуінің маңыздылығын атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.