Бірлестік төрағаларына құрмет көрсетілді

74

Азаматтық қоғамды қалыптастырудың негізгі құрамдас бөлігі үкіметтік емес ұйымдар. Соңғы жылдары әсіресе әлемді әбігерге салған пандемия кезінде аудан тұрғындарының азаматтық және әлеуметтік-саяси белсенділігі байқалды. Бұл әлеуметтік маңызды шешімдерді қабылдау және оларды жергілікті атқарушы органдармен бірге жүзеге асыруға ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Сәрсенбі күні аудан әкімдігінің жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жөнінде кеңес отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараевтың төрағалығымен өткен басқосуда күн тәртібіндегі мәселелер қаралып, «Жаңа-Шабыт», «Шамшырақ-Тараз» қоғамдық бірлестігінің атқарған жұмыстары мен келер жылға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар жайы сөз болды.
Бірлестік төрағалары жыл ішінде тиянағын тапқан бірқатар игілікке тоқталып, дәйекті дәлелдерін назарға ұсынды. Ал мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қоғамдық ұйымдардың басты қаражат көзі болып табылатынын тілге тиек еткен Олжас Елебекұлы тапсырыс шеңберінен бөлек жергілікті мәселелердің оңтайлы шешілуіне бет бұру қажеттігін айтып, азаматтық қоғамды дамытуға қосқан қомақты үлесі мен сындарлы сәтте аудан халқына қолдау көрсеткені үшін Дамир Ташқараевқа (Ар-Рашид Руханият), Гүлсім Саурықоваға (Аса аялы алақаны), Айгүл Разақоваға (Айналайын), Асланби Сыдықовқа (Геккон), Марат Оспановқа (Әкелер одағы) аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі