Биыл 90-нан астам көшеге асфальт төселді

17

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов БАҚ өкілдерінің алдында жыл басынан бергі атқарылған жұмыстар жайлы баспасөз мәслихатын өткізді. Аудан басшының сөзіне сүйенсек, тоғыз айдың ішінде толайым тірлік жүзеге асқан. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 11 308,5 миллиард теңгені құраса, ауыл шаруашылық өнімдерінің өндірісі 27 399,4 миллион теңгеге жеткен. Ауданда 115826,5 гектар масақты дақыл орылып, орташа түсім гектарына 23 центнерден айналыпты. Қант қызылшасы 321 гектарға себіліп, ауа райына байланысты  130 гектардан алынған өнім қант зауытына өткерілді. Ауданда төрт түлік саны көбейіп отыр. Ірі қара 40652, қой-ешкі 620803, жылқы 23557 басқа жетті. Қысқы мал азығы үшін 194,6 мың тонна шөп, 15,5 тонна сабан, 67 мың тонна жем жиналған. Жыл басынан бері 1120,4 миллион теңгеге 143 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникалары сатып алыныпты. Биыл аудан бойынша тоқсаннан астам көшеге асфальт төселген.

Аудандағы 42 елді мекеннің 24 — іне толық газ тартылған. Өзге 11 ауылды газдандыру бойынша жобалық — сметалық құжаттар әзірленген. Жақын арада Каменка, Жаңатұрмыс,Тасшолақ, Қазақ, Жалпақсаз ауылдарына да көгілдір отын барады. Бірақ, тұрғын саны 50 адамнан төмен 7 елді мекен газ тартуға экономикалық жағынан тиімсіз болып табылып отыр.  Жарлысу, Әбжапар, Бәйтелі, Тасшолақ ауылдарына таза ауыз су жылдың соңына дейін жеткізіледі. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 249 адам шағын несие алған. Денсаулық, білім, мәдениет салалары да өрге басып келеді. Ауданда 27 шағын кәсіпорындар мен цехтар орналасқан. Ауданда құрылыс саласына 169,104 миллион теңге бөлініп, қаражат тиімді игеріліпті. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Құлан ауылында 5 қабатты 80 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілмекші.

Жиын соңында Ерболат Садырқұлов БАҚ өкілдері тарапынан қойылған  және әлеуметтік желі арқылы түскен сұрақтарға жауап берді.

 

Есет ДОСАЛЫ