Ел ақыны ескерткішке айналса…

0 66

Биыл жарық жалғанда бар-жоғы 31 жыл ғана ғұмыр кешіп, қастерлі қазақ әдебиетіне жауһар жыр, мол әдеби мұра қалдырып кеткен белгілі ақын, Жуалының тумасы Бауыржан Үсеновтің туғанына 60 жыл толып отыр. Ақынның туған күні бар, бірақ күнтізбеде өлген күні болмайтыны әу бастан ақиқат. Осы ретте Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Біздің сезім күзде өнген гүл сияқты…» атты әдеби-сазды шара ұйымдастырылды. Басқосуға ақынның көзкөрген достары, отбасы һәм оқырмандары қатысты.

Шараны ашып беріп, жүргізіп отырған ақынның курстас досы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Aq jol» газетінің бөлім редакторы Амангелді Әбіл оның жастық шағы, студенттік кездегі таныстықтары, естеліктері жайында кеңінен таныстырып өтті. Бауыржан Үсеновтің ақындық, азаматтық сан қырын кеңінен сөз етті. Сол секілді ақынның досы, «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай да Бауыржан Үсенов екеуінің басынан кешкен естеліктерімен бөлісті. Әдеби артбук барысында көпшілік ақынның аяулы жары Гауһар Тажкенова, ұлы Мұхамедсалық Үсенов, қарындасы Әлия Кебекбаева, інісі Біржан Үсеновпен де танысты. Осы ретте сөз тізгіндеген ақынның көзкөрген досы, курстасы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қуаныш Иембердиев Бауыржан Үсеновтің алпыс жылдығы карантинге байланысты өтпегенімен, алдағы уақытта да жоғары деңгейде атап өтуге болатынын, сонымен қатар Әулиеата топырағына ақынның ескерткіші орнатылса деген ұсынысын жеткізді.
– Баукеңнің досы, талантты бард ақын Табылды Досымовтың батыста ескерткіші орнатылғанда бізде де Үсеновтің ескерткіші қасқайып тұрса деген ой туған еді. Енді демеушілердің, әдебиетсүйер азаматтардың қолдауымен болса да ақынның туған топырағында ескерткіші орнатылса жөн болар еді, – дейді ол.
Бұл ретте Амангелді Әбіл Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет бастаған атқамінер азаматтар тарапынан өңірде көше, мектеп және ақынның туған жеріндегі саябаққа атын беру туралы ұсыныс бар екенін тілге тиек етті.
Басқосу барысында облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Мейіржан Әлібекұлы, облыстық «ARAI» газетінің бас редакторы Дәулет Төлендіұлы да ақынның туған күніне орай ізгі лебізін жеткізді. Ал шараға Польшадан арнайы келген ақынның ұлы Мұхамедсалық Үсенов әкесінің атақты «Қара машина» өлеңін оқып берсе, шараны тікелей онлайн тамашалап отырған Жуалы аудандық кітапханасының жас оқырмандары Бауыржан Үсеновтің жырларын жарыса жатқа айтты. Сонымен қатар күллі қазаққа аты мәшһүр ақындар Светқали Нұржан мен Бауыржан Жақыптың да видео-тілек естеліктері айтылды. Шара соңында ақын, сазгер Бауыржан Үсеновтің сөзіне жазылған һәм автордың өз әндері шырқалды.

 

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.