Инвестор тартуға ерекше назар аудару керек

0

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудан әкімдерінің ағымдағы жылы атқарған жұмыстары туралы есептерін тыңдауды жалғастыруда. Кезекті жиында Қордай, Шу, Сарысу, Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласының әкімдері есеп берді.

Аймақ басшысы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен берілген тапсырмалардың орындалуына ден қойды.
– Өнеркәсіп, құрылыс, көтерме және бөлшек сауда саласында көптеген шешілмеген мәселелер бар. Бұл бағыттардағы көрсеткіштерді жақсарту қажет, – деді Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа қарата.
Тараз тұрғындарының көпшілігі қоғамдық көлік жұмысына қатысты шағымданады.
– Тұрғындар маған күн сайын әлеуметтік желілер арқылы қоғамдық көліктердің жұмысына қатысты шағымданады. Олар автобустардың үнемі кешігіп келетінін, ескі, лас екеніне және жүргізушілер мен кондукторлардың дөрекілігін айтуда. Біз нақты шаралар қабылдауымыз керек. Электрондық билеттер жүйесінің тиімділігі туралы мәселе бөлек қаралады, – деп ескертті аймақ басшысы.
Облыс әкімі осыдан бірнеше ай бұрын сыртқы жарнаманы орналастыру ережелерін реттеуді тапсырған болатын. Айтқазы Қарабалаев сегіз көшеде 154 жарнама нысаны жойылғанын хабарлады.
– Бұл жеткіліксіз. Заңсыз жарнаманы анықтау бойынша жүйелі жұмысты жолға қою, жарнама тақтайшаларына арналған бірыңғай эскизді бекіту қажет еді. Бұл міндеттеме орындалған жоқ, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Сондай-ақ, қалалық әкімдік пайдаланусыз жатқан коммерциялық жерлерді қайтару бағытындағы жұмысының сылбырлығына да назар аударылды.
– Бірде-бір сұраққа нақты жауап алған жоқпын. Қаланың орталығында құрылысы ұзаққа созылған нысандар баршылық. Әлі күнге дейін олармен күресу шаралары қолға алынған емес. Қарапайым құрылыс нормалары ескерілмейді, «қызыл сызық» талаптары үнемі бұзылады. Ал қалалық әкімдік оның бәріне көз жұма қарайды, – деп сынға алды облыс әкімі.
Облыс орталығында қала тұрғындарының өмірін жақсартуға бағытталған көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Олардың сапасына қатысты мәселе – бөлек шаруа. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 163 ауланы абаттандыруға қаражат бөлінген. Алайда, барлық мердігерлер анықталған бұзушылықтар мен ескертулерді қалпына келтірген жоқ. Нәтижесінде тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы мердігерлердің іс-әрекетіне шағымдануда.
– Қала әкімдігі проблемаларды жедел шеше алмайтындықтан, қала тұрғындары атқарылған ауқымды жұмысты көрмейді, тек кемшіліктер мен олқылықтар туралы айтады, – деді Б.Сапарбаев.
Өңір басшысы әлеуметтік желілерде кері байланыс орнатуды, жаңа лоттардың сапалы орындалуын бақылауды, көшелерді жарықтандыру мәселесін шешуді, бөлінген қаражатты тиімді игеруді тапсырды.
– Мен тұрғындардың шағымдарын қала әкімдігіне үнсіз отыру үшін емес, шара қабылдауы үшін бағыттаймын. Бірнеше күн бойы қала тұрғындары бір бейнетүсірілімді талқылауда, коммуналдық қызметкерлер жүк көлігінің артқы бөлігімен тасымалданады, ал қала әкімдігінде ешқандай реакция жоқ, – деді Бердібек Сапарбаев.
Ол осы оқиғаға байланысты тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуды жүктеді.
Сондай-ақ, Қордай, Шу, Сарысу, Мойынқұм аудандарының әкімдерінен барлық қызметкерлердің уақытында жалақы алуы үшін әлеуметтік нысандардың құрылысын бақылауды, ауыл әкімдерімен бірлесіп жұмыс істеуді, азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдауды, мүмкіндігінше көп әлеуметтік павильондар ашуды, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жоспарланған жобаларды аяқтауды, жол бойындағы сервисті жақсартуды, су тапшылығы мәселесін шешуді, барлық учаскелік инспекторларды тұрғын үймен қамтамасыз етуді талап етті.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Еңбек» бағдарламасының іске асырылу барысын тікелей бақылайды. Бағдарлама бойынша облысымыз үлкен қолдауға ие болды. Біз осы мүмкіндікті пайдаланып, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге гранттар мен шағын несиелер беруге тиіспіз, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, ол кейбір аудандар кестеден қалып, «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша үйлердің құрылысын уақытында аяқтамауы мүмкін екенін еске салды.
Аудан басшылары шетелдік инвесторларды тартуға ерекше назар аударуы керек.
Мойынқұм ауданының әкімдігіне мал шаруашылығын дамыту, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Тағы бір маңызды мәселе – газдандыру. Бердібек Сапарбаев келесі жылы ауылдарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстарын бастау жоспарланғанын айтты.
Кездесуді қорытындылай келе, облыс әкімі жыл қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда төмен болмауы тиіс екенін атап өтті.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.