Ирландиядан әкелінген 1000 бас ірі қара Жамбыл жеріне жерсініп келеді

0 55

«Jambyl Et MS» ЖШС асыл тұқымды мал басын көбейту үшін Ирландияның сиырларын әкеліп, жерсіндіру ісін қолға алынған. Осыдан төрт-бес ай бұрын аталған мемлекеттен облысқа 1000 бас мүйізді ірі қара жеткізілген болатын.

Аталған серіктестік директорының орынбасары Бақыт Искалиевтің айтуынша, әкелінген құнажындар бүгінде Мойынқұм өңіріндегі «Бескепе» орман шаруашылығының қорындағы қыстауда бағылып жатыр.

«Құнажындарды әкелмес бұрын Жалпақтөбе ауылындағы және Мойынқұм өңіріндегі мал жайылымынан қора-жайымызды дайындап алдық. Құнажындар Ирландия жерінде бір ай және осында екі-үш ай ветеринариялық бақылауда болып, карантиннен өтті. Біздің негізгі мақсатымыз – асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту. Сонымен бірге егін шаруашылығымен де айналысу. Бүгінде иелігімізде 14800 гектар жайылымдық жеріміз болса, оның 5600 гектары «Бескепе» орман шаруашылығының қорындағы жер телімінде орналасқан»,- дейді ол.

Олар мүйізді ірі қараны 500 бастан бөліп, екі қора-жайға орналастырған.

«Шет мемлекеттен келген мал біздің жерімізге жерсінуде. Бүгінде бәрі де қоңды. Мал азығына деп 666 тонна шөп, 110 тонна жем дайындалған. Малшылардың астында мініс аттары бар. Олардың орташа еңбек жалақысы 120-150 мың теңгені құрайды. Серіктестікті құрғанымызға бір жыл толғанына қарамастан біз болашақта ет және сүт бағытындада жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Мал басын олардың төлі есебінен көбейтпекпіз», — дейді серіктестік басшысы.

Серіктестікте біраз жұмыс механикаландырылған.

Шаруашылыққа қажетті «МТЗ-952» тракторын, дезинфекциялық жұмыстарға арнайы жабдықталған «УАЗ» автокөлігін, екі дана «ПТС-6» маркалы жүк тиегіш пен қи шығаратын тіркемелерді сатып алыпты.

Шаруашылықта 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.