Ирландиядан жеткізілген сиырлар Жамбылды жерсініп кетті

29
Төрт-бес айдың шамасы болды, Ирландиядан әкелінген 1000 құнажын өрісін Мойынқұм өңіріндегі «Бескепе» орман шаруашылығының 5600 гектар жерінен өріс тауып, сондағы екі базда қыстатылып отыр.
Мал иесі «Jambyl Et MS» ЖШС (бас директоры Светлана Шаушанова) директорының орынбасары Бақыт Искалиевтен шаруашылық жайында айтуды өтінгенімізде ол: – 2020 жылы құрылған шаруашылығымызда аз уақыт ішінде атқарылған тірліктер ауқымды. Құнажындарды әкелмес бұрын Жалпақтөбе ауылындағы және Мойынқұм өңіріндегі мал жайылымынан қора-жайларымызды дайындап алдық. Құнажындар Ирландия жерінде бір ай және осында бір ай ветеринариялық бақылауда болып, карантиннен өтті. Біздің негізгі мақсатымыз – асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту әрі егін шаруашылығымен айналысу. Жайылымдық жеріміз 14800 гектарды құраса, оның 5600 гектары осы құмда.
Бағымымызда 1000 бас «Ангуст» асыл тұқымды мүйізді ірі қара бар.
Малды 500 бастан бөліп, екі базға орналастырдық. Жер­сі­ніп келеді. Бәрі де қоңды. Мал азығына деп шаруашылық бойынша 666 тонна шөп, 110 тонна жемдік арпа дайындалған. Әр бақта­шының астында мініс аты бар. Олардың орташа жала­қысы 120000-150000 теңге арасы.
Болашақта ет және сүт бағытындада жұмыс жасайтын боламыз. Әкелінген құнажындарды өз төлі есебінен көбейтуді көздеудеміз. Оған мүмкіндігіміз жетеді. Өйткені, шаруашылыққа көп көмегін тигізетін екі МТЗ-952 маркалы трактор, дезинфекциялық жұмыстарға арнайы жабдықталған УАЗ маркалы бір автокөлік және қосымша жабдық ретінде екі дана ПТС-6 маркалы жүк тиегіш арбаны да сатып алдық, шаруашылық жұмысына 20 адам тартылған, – деді қасында тұрған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы мен аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Темешбаевқа қарап.
Сол тұста аудан әкімі­нің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы: – Бәке, тиянақтай білген тірліктеріңізге риза болып тұрмын. Мына шеті мен шегі жоқтай көрінетін құмды өңірге көрік беріп тұрған мына кілең қара құнажындардың бөтен жерді жатсынбай, шөп-шаламын талғамай тұрғанынан жерсініп кеткенін байқау қиын емес. Бақташыларыңыз да шетінен малсақ екен. Әрине, биыл қыс жылдағыдан суық. Сондықтан малға күтім қажет. Оның үстіне мал қыстату жауапты науқан екені белгілі. Оны бақташылар жете түсінетін шығар деп ойлаймын, – деді Бақыт Искалиевпен қоштасып жатып.
Біз өрістен алыстай бере бір байқағанымыз, ақұлпа қардың үстінде бір-бірінің соңынан ілескен қара құнажындар жылы қораларына қарай бет алып бара жатты…

 

Дүйсенбек Орманов,
Жамбыл ауданы