Картоп өндірісі кенжелеп тұр

Себебі техника ескі, тұқым сапасыз, топырақ құнарсыз

141

Жыл басында халық алдында есеп беру кездесуін өткізген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: «Басқа өңірлерден келетін азық-түлікті азайту керек. Жексенбі күні базарда болдым. Пияздан басқа өнімнің барлығы сырттан келеді. Аграрлы аймақ бола тұра Павлодардан картоп алу деген ақылға сиымсыз» дей келе егістік алқабын тиімді пайдалануды әрі өнімділікті арттыруды тапсырған болатын. Ал бір апта бұрын ғана өткен аппараттық кеңесте: «Жуалы ауданының мүмкіндігін толық пайдалана алмай отырмыз. Егер білсеңіздер, Кеңес үкіметінің тұсында «Жуалының картобын нан секілді жеуге болатын» дейтін. Алыс-жақын шетелдерге тасымалданатын. Ал бүгінде мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатқанына қарамастан өз нарығымызды қамтамасыз ете алмай отырмыз. Жұмысты жандандыру керек», деген Бердібек Машбекұлы жауапты сала мамандарына жұмысты ширатуды қатаң тапсырды.

Көкөніс шаруашылығын, әсіресе картоп өндірісін дамытуды облыс әкімі Бердібек Машбекұлы есеп беру кездесуінде ғана көтеріп, ал кейін ол мәселе жабулы қазан жабулы күйінде қалған жоқ. Ә дегеннен тиісті мемлекеттік орган басшыларына алдағы жұмыс бағытын нақтылап беріп, тапсырмаларының орындалуын бақылауда ұстады. Осы орайда жүктелген жұмыстар мен маңызды міндеттердің, талапты тапсырмалардың орындалуын, 9 ай бойы атқарылған жұмыстардың нәтижесі мен жемісін саралап көрген едік. Сонымен…
Көкейдегі көп сұрақтың жауабын білмек мақсатта ең алдымен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қайырылып, басқарма төрағасы Олжас Қаржауовтың қабылдауында болдық. Олжас Есалханұлы облыс әкімінің тапсырмасына сай бүгінге дейін атқарылған жұмыстарды және алдағы жоспарларды бүкпесіз баяндады.
– Тараз қаласындағы базарлардың сауда сөрелерінде Қарағанды, Павлодардың картоптары самсып тұрғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Облыс орталығындағы базарларды аралап көріп, «Неге Жуалының картобы ұзақ уақытқа сақталмайды? Неге жыл он екі ай өзіміздің өнім сатылмайды?» деген сұрақ туындады. Жағдайды көзбен көріп, жан-жақты зерделегеннен кейін Жуалы ауданына барып, шаруа қожалық төрағаларымен кездестік. Кездесу барысында көптеген өзекті мәселелерге қанықтық. Техника ескі, тұқым сапасыз, жерді күтіп-баптауға ешбір фермер бас қатырғысы келмейді.
Шынын айтқанда, тәуекел етуге жүректері дауалай бермейді. Сонда «осыған да шүкір» деп барға қанағат етіп отырған диқандарға ұтымды ұсыныстарымызды айтқанда да үрке қарағандары болды. Ақша салуға қорқақтайды. «Алғашқы жарнасын төлесеңіздер, жаңа техниканы лизингке сатып алып береміз» дегенде көп шаруалар ат тонын ала қашты. Сенбеді. Ал кейін 50 техника алып бергеннен кейін ғана кезінде бас тартқандардың күдігі сейілді. Қазір тіпті күн сайын жаңа техника алу бойынша бірнеше өтініш түсуде.
Тағы бір маңызды мәселе – жерді күтіп-баптау жұмыстарының жүргізілмеуі. ҚР Жер кодексінде меншік иесінің жер учаскесін тиісінше күтіп-ұстау керектігі тайға таңба басқандай етіп жазылған. Өкінішке қарай егін шаруашылығымен айналысатындар өз міндеттеріне немқұрайды қарайды.
Әрине, несібесін жерден терген кез келген диқан мол өнім алып, табысқа кенелгісі келетіні анық. Бірақ ол жолда ешнәрсе істемейді. Сапалы тұқым, құнарлы топырақ – мол өнім кепілі екенін ескермейді. Қазіргі таңда осы мақсатта жұмыс жүргізіп жатырмыз, – дейді корпорацияның басқарма төрағасы.
Кез келген жұмысты бастарда нақты жоспар құрып, мақсатыңды айқындап, бағытыңды белгілеп алмасаң ертеңгі күні еңбегіңнің еш кетуі әбден мүмкін. Сондықтан да өңір басшысының тапсырмасын тиянақты орындау мақсатында корпорация басшылығы жұмысын төрт бағытқа бөліп, сол бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізуде.
– Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бағыты бойынша бір ай бұрын Жуалы ауданындағы картоп өсірумен айналысатын 13 шаруа қожалығына жалпы құны 216,1 миллион теңгені құрайтын 50 дана ауыл шаруашылығы техникасы берілді. Бұл тек бастамасы ғана. «Агромашхолдинг KZ» акционерлік қоғамымен бірлесе Trade in бағдарламасын қолға алдық. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарымыз кезең-кезеңімен жалғасады. Қазірдің өзінде шаруалар бағдарламаға үлкен қызығушылық танытып, жаңа техника алуға 35 өтініш берді. Жалпы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыс бойынша 10 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылған ауыл шаруашылығы техникаларының саны 3137 болса, олардың басым бөлігі 10 жылға дейін қолданыста болған.
Екінші бағыт – тұқым мәселесін шешу. Жуырда жуалылық шаруалар Қостанай, Ақмола және Қарағанды облыстарына арнайы барып, ондағы картоп өндірісінің тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Іссапар аясында диқандар Қостанай облысының «Садово», «Тэрра» шаруа қожалығында, Қарағанды облысының «Шерубай су», «Астра Агро LTD» және Ақмола облысының «АстанаАгроРесурс» жауапкершілігі шектеулі серіктестері секілді бірқатар тұқым шаруашылықтарына барды. Келесі жылдың тұқымын (1170 тонна) сатып алу үшін 300 миллион теңге бөлініп, келісімшарт жасалды. Қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде.
Үшінші бағыт – өнім сақтайтын қоймалар салу. Одан кейін қойманың жанында арнайы зертхана болу керек.
Төртінші бағыт – топырақтың кұнарлылығын арттыру. Соңғы екі бағыт бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізілуде, – дейді О.Қаржауов.
Олжас Есалханұлының айтуынша, шаруа қожалықтардың бірен-сараны болмаса, басым бөлігі II және III репродукциялы тұқымдарды пайдаланып келген. Ал сапасы төмен тұқымның өнімі қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Дегенмен келер жылдан бастап бұл олқылықтың да орны толмақ.
Жуырда жуалылық диқандар картоп тұқымының элиталық сұрыптарын өсіретін «Астра-Агро ILTD» серіктестігімен келісімшартқа отырыпты. «Астра-Агро ILTD»-ның өзге серіктестіктерден артықшылығы – тұқымының тазалығы, жоғары өнімділігі, түрлі топырақ-климат жағдайларына бейімдігі мен экологиялық саулығында екен.
Қарағандыдан I репродукциялы тұқым алу үшін келісімшартқа отырған жуалылық 15 шаруа қожалық басшыларымен тілдескенімізде келер жылы сапалы және мол өнім алуға үлкен мүмкіндік бар екенін айтты. Фермерлер «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауы жұмыстарын ширатуға үлкен серпін беріп жатқанын жасырмады. Тіпті кейбір шаруа қожалық төрағалары «Бұл корпорацияның бұрын-соңды дәл осындай қарқынмен жұмыс істегеніміз көрмеппіз» деп ағынан жарылды.
– Картоп өсірумен ұзақ жылдардан бері айналысамын. Биыл 6 гектарға картоп ектім. Шүкір, өнім жақсы болды. Гектарына 15-20 тоннадан өнім алдым. Жинаған өнімді былтыр 40 теңгеден өткізсек, биыл 60 теңгеге сатып жатырмыз.
Ал келесі жылға дайындығымыз тіптен жоғары. «Тараз» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 10 тонна жоғары сұрыпты тұқымға тапсырыс бердім. Тұқымның 00,1 пайызбен несиеге берілуі және жарты жылдық демалысы шаруалар үшін үлкен жеңілдік. Алған тұқымымыздың ақшасын жиын-терім аяқталғанда қайтару мүмкіндігі беріліп отыр, – дейді «Зиябек» шаруа жожалығының төрағасы Мүсілім Зиябеков.

Талғат Нұрханов