Кімдер қысқарады, кімдер қалады?

69

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы Жолдауында мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектордағы қызметкерлердің санын биыл 10 пайызға, келер жылы 15 пайызға қысқартуды тапсырды. Үнемделген қаражат есебінен қалған қызметкерлердің жалақысын көбейту көзделуде. Алайда бұл қысқартудан әр саланың ең төменгі буынының жұмысшылары «құрбан» болып кетпей ме?» деген ой қылаң береді. Осыған орай алдағы қысқартуға қатысты бар мен жоқты, оң мен солды бағамдап көрген едік.

Ең алдымен қысқарту не үшін керек дегенге тереңірек үңілсек, таң атқаннан қас қарайғанша жұмыста отыратын мемлекеттік қызметшілердің дені айлық жалақыларының аздығын айтады. Олардікі дұрыс-ақ. Бұны Президент өз Жолдауында: «Еңбекақысы аз мемлекеттік қызметшінің қоғам үшін пайдасынан зияны көп» деп баса айтты да. Сондықтан қысқартудан үнемделген қаражатты қалған қызметкерлердің жалақысын көбейтуге жұмсау – қолдауға тұрарлық.
Екіншіден, қаптаған шенеуніктер әскері мен квазимемлекеттік сектор персоналын ықшам, жинақы күйге келтіруді заманның өзі талап етіп отыр. Үлкен штат саны бар «супергигант» министрліктер, ұлттық компаниялар мен аймақтық әкімдіктердің дәуірі өтіп бара жатқаны ақиқат. Мемлекет басшысы Жолдауында сан алуан көрсеткіштер мен индикатордан тұратын жұмысты тоқтатып, көзге көрінетін нақты іске көшуді тапсырды. Осы ретте жұмыс жүйелі болуы үшін жұдырықша жұмылып, ықшамдалған мемлекеттік мекемелердің қажеттілігі туындап отыр.
Үшіншіден, мемлекет жұртшылыққа жоғарыдан қабақ түйе қарамай, жерге түсуі керек. Яғни Үкімет бәрін өзі жоспарлап, өзі шешіп, өзі бақылауына алуды доғарып, жеке сектор мен қоғам өкілдерін толыққанды серіктес ретінде қабылдауы қажет. Бұл да Жолдау жүктеген міндет. Сондықтан бұл тұста көптеген құрылымдар мен мыңдаған шенеуніктердің қызметіне қажеттілік болмайды.
Төртіншіден, әлемдік пандемия қолданыстағы мемлекеттік басқару жүйесінің уақыт сынына төтеп бере алмайтынын көрсетті. COVID-19 кеселінен қорғану үшін шенеуніктердің және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшті. Оның біразы саусағын қимылдатпай-ақ жалақысын алып, үйінде отырғаны да белгілі. Мемлекеттік қызметтің 80 пайызы халыққа электронды түрде көрсетілгендіктен, негізгі күш ІТ сала мамандарына түсті. Бұл жайт мемлекеттік аппаратты қысқартудан жүйелі жұмыстың ақсап қалмайтынын аңғартты.
Міне осындай негізгі факторларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ашып айтты. Ендігі мәселе қысқартуға ең бірінші кімдер түседі? Бұл сауалға жауап табу үшін ең алдымен статистиканы сөйлетсек, ресми мәлімет бойынша қазір еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің жалпы саны 97 403 бірлікті құрайды екен. Соның ішінде саяси мемлекеттік қызметшілердің, яғни биік лауазымды тұлғалардың штат саны 715 болса, әкімшілік қызметшілер штаты 96 688-ге тең. Алайда бұл орындардың кейбірі бүгінде бос тұр. Тағы бір дерекке көз салсақ, нақты жұмыс орнында жүрген мемлекеттік қызметшілердің саны 89 005 адам делінген. Бұл жоғарыда аталған 97 403 жалпы штат санының 91,4 пайызын құрайды. Оның ішінде бірінші басшылар 699 бірлікті құраса, дәл қазір олардың 2,2 пайызының орны бос. «А» корпусының әкімшілік қызметшілері 80 адамды құраса, олардың 95,2 пайызы карантинге қарамастан жұмыс орнында отыр. 88 226 әкімшілік мемлекеттік қызметші қызметін кеңсесінде отырып жалғастырып жатыр.
Шенділердің барлығы елордада отырмағаны да түсінікті. Аймақтардағы мемлекеттік мекемелер мен әкімдіктерде бүгінде 42 541 адам жұмыс істейді екен. Мұның 1064-і мәслихат аппараттарында еңбек етуде.
Міне осы мемлекеттік қызметкерлердің 10 пайызын биыл, келер жылы 15 пайызы қысқаруы қажет. Бірақ нықты кімдер қысқартуға түседі? Биылғы 10 пайыздық меженің дені бос орындар есебінен толтырыла ма? Әлде нақты жұмыста жүргендер қызметімен қош айтыса ма? Бұл сауалға жақында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова жауап беруге тырысты. Бірақ төрайымның сөзінің түсініксіз тұсы көп. Оның айтуынша, оңтайландыруға жататын лауазымдар кезінде ең біріншіден тұрақты лауазымдар қарастырылады екен. Алайда оңтайландыру дегеніміз не? Және төрайым тұрақты лауазымдар деп кімді айтып отыр? Бұлай деуімізге түрткі болып тұрғаны, бүгінгі таңда еліміздегі мемлекеттік қызмет саласындағы бос орындар 8 мың бірлікті құрайды. Бұл мемлекеттік аппараттағы қызметшілердің 8,5 пайызы. Зейнеткерлердің демалысқа шығуына байланысты тағы 1 мың лауазым бос қалады. Одан бөлек 6 мың мемлекеттік қызметкер жеке секторға немесе басқа да ұйымдарға ауысады деп болжануда. Демек биыл қысқартудың 10 пайызы осының есебінен өтеле ме?
Жолдау жарияланғаннан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен актив жиынында қысқартудан қанша қаржы үнемделетіндігінің алғашқы есебі шығарылды. Ондағы ақпаратқа көз салсақ, алдын ала есеп бойынша қысқартудан кейін 1,5 миллиард теңге көлемінде қаржы үнемделмек. Сала мамандары сандарға қатысты болжамды тез жасағандарына қарағанда біздің аймақта да 10 пайыздық қысқарту вакансиялар, зейнет жасына келген мамандар мен басқа салаға ауысқан және ауысатын қызметкерлер есебінен жүргізілгелі отырған секілді.
Жалпы жыл аяқталып қалғанымен республиканың өзінде қандай да бір министрлікте, не ұлттық компанияда қанша адам қысқартылатынына қатысты нақты тізім жоқ. Біздің облыста да алдын ала болжамды жоспар дайындалғанымен, ол жоғары жақпен келісілуде. Сол себепті дәл қазір мына салада осынша адам қысқарады деп айту мүмкін емес. Алайда қысқарту болатыны анық. Ал оның «құрбанына» қарапайым қызметкерлер айнала ма, әлде бәріне бірдей тең құқық беріле ме немесе бос орындар мен зейнеткерлер есебінен өтеле ме, ол жағы белгісіз.

Саян Тілеужан