Көкбастаулықтарды ағын судың жайы алаңдатады

28

Ауылдық округ әкімдерінің тұрғындар алдында есеп беру жиындары жалғасуда. Кеше Көкбастау ауылдық округінің әкімі Ержан Серкебаев Қосбөлтек, Бақалы, Теріс ауылдарының тұрғындары алдында 2020 жылы атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Қосбөлтектегі жиынның жұмысына аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қадырхан Жарасұлы қатысты.

Қосбөлтек ауылдық клубына тұрғындар көптеп жиналып, жиын барысында белсенділік танытып, сұрақтарын қойып, ауылдық округтің басшылығымен және жалпы тұрғындар болып шешетін мәселелерді де атап өтті. Атап айтсақ, ауыл тұрғындарын ағын судың тапшылығы мен мал жайылымы мәселелері толғандырады екен.

Есептік жиынды ауылдық округ әкімі Е.Серкебаев ашып, алдымен округтің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндама жасады. Ержан Байұзақұлы өз баяндамасында ауыл шаруашылығы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше тоқталып, жыл санап мал басының көбейіп, ауыл шаруашылығы техникаларының жаңартылып жатқанын айтты. Тиісінше, егістік және бау-бақша дақылдарының да көлемі артып келе жатқаны тілге тиек етілді. Одан бөлек, аса жауапты науқан мал қыстатудың жайы туралы да әңгімеледі. Оның сөзінше, ауылдық округте барлығы 23 мал қыстауы бар екен. Оның 18-інде малшы қауымы мал ұстап отырса, төртеуі бос тұр. Бүгінде мал қыстаулары толығымен араланып, ондағы малшылардың жағдайы зерделенген.

Жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамытуға келсек, былтыр округтен 18 адам 555 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз гранттарға ие болса, 5 адам төмен пайызбен шағын несиеге қол жеткізіп, кәсіптерін ашқан. Одан бөлек, тұрғындардың тұрмысын жеңілдету үшін былтыр Теріс ауылына ауызсу кіргізу жұмыстары басталып, 2021 жылы қолданысқа берілмек. Биыл ауылдық округте бірқатар көшелер жарықтандырылып, әр ауылдан спорт алаңшаларын салу да көзделіп отыр.

Ауылдық округ әкімінің баяндамасы аяқталған соң ауыл тұрғындары кезегімен тұрып, сұрақтарын жаудырды. Атап айтқанда, ауыл тұрғыны, зейнеткер Ербол Помашев картоп, басқа да дақылдарды суғаруға ең қажетті ағын судың мәселесін көтерді.

Оның айтуынша, «Ақсай» каналынан келетін судың игілігін көбінде жекелеген шаруашылықтар ғана көреді екен. Ал 10-15 гектара егіс егетін ұсақ шаруаларға су жетпейді дейді ол. Одан бөлек, осыдан екі жыл бұрын Қосбөлтек ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған медициналық пункттің әлі күнгі қолданысқа берілмеу себебін де әкімнен сұрады. Одан кейін өзге де тұрғындар сөйлеп, олар да өз кезегінде ағын судың «жырын», сондай-ақ, мал жайылымына қатысты мәселелерді ортаға салды.

Айтса айтқандай, қазір қай ауылға барсаң да жайылым мәселесі айтылмай қалмайды. Өйткені, соңғы жылдары ауылда малдың басы еселеп артқан. Тіпті, бір отбасында 100-ге жуық ірі қара немесе жылқы ұстап отырғандары да баршылық. Әрине, осыншама малға жайылым табудың өзі проблема. Қосбөлтек ауылында да дәл осындай жағдай. Жайылым мәселесі өз алдына. Бір үйден шығатын сиырлардың өзі-ақ көшені ластап тастайды екен.

Тұрғындар көтерген бұл сұраққа аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қадырхан Жарасұлы жауап беріп, мал жайылымы мәселесі туралы сөз қозғап, ол әрбір ауылдық округтің малына шақтап, шалғайдан жайылым беру қарастырылып жатқанын жеткізді. Жиында басқа да ұсақ-түйек мәселелер айтылды.

 

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

Жуалы ауданы