Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте мемлекетік сатып алу мәселелері қаралды.

Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бақытжан Жүнісбеков өткен жылы атқарылған жұмыстар және бұзушылықтардың алдын алу бойынша қолға алынған шараларға тоқталды.

— Жалпы 2021 жылдық мемлекеттік сатып алулардың жоспарлы көлемі 241,4 млрд.теңгені құраса, оның ішінде жалпы бірыңғай ұйымдастырушыларымен 88,8 млрд. теңгеге (36,8%) 915 лот бойынша сатып алулар ұйымдастырылған.

Мемлекеттік сатып алу басқармасымен аталған сатып алулардың ішінде 79,4 млрд. теңгеге 317 лот бойынша сатып алулар ұйымдастырылған.

Басқармамен өткізілген мемлекеттік сатып алулар нәтижесінде барлығы 4,9 млрд. теңге үнемделді,-деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, Б. Жүнісбеков өткен жылды қорытындылай келе, мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде жіберілген бұзушылықтар туралы атап өтті.

— 2021 жылда барлығы 46 лот бойынша 1,6 млрд. теңгеге мемлекеттік сатып алулар бірыңғай ұйымдастырушыларға берілмеген.

Заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында сатып алу жөніндегі уәкілетті органымен  камералдық бақылау жүргізілуде, нәтижесінде 2021 жылы облыс мекемелеріне 2 665 лот бойынша хабарламалар жолданған.

Хабарламаларды дұрыс орындамау салдарынан уәкілетті органмен аудит объектілерінің шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтату процессі Байзақ ауданы Бурыл ауылдық округі әкімінің аппаратында, Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде, Талас және Т.Рысқұлов аудандарының білім бөлімдерінде орын алған.

Бұл бұзушылықтар бюджет қаражатының мерзімінде игерілмеуіне және мекеме басшыларына әкімшілік жазаларды қолдануға әкеп соқты,-деді спикер.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев былтырғы кемшіліктерге талдау жүргізіп, олардан нәтиже шығару керектігін баса айтты.

— Конкурстар бірыңғай ұйымдастырушылар арқылы, ашық, талапқа сай, заңға сәйкес өтуі керек. Алдын ала ережелері мен талаптары талдануы тиіс. Бір көзден жіберуді тоқтату қажет. Бұған Мемлекет басшысы да айрықша тоқталып өтті. Өтінімдердің кешіктірілмей жолдануын қамтамасыз етіңіздер,-деген облыс әкімі жиын қорытындысымен  жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.