Көтере алмайтын шоқпар белге зақым келтіреді

немесе жұмысына жауапсыз қарайтын мердігерлерге жазаны қатаңдату керек

25

Былтыр облыстың білім саласында «бауын тапса, байлауын таппаған» тірлік көп болды. Әсіресе құрылысқа келгенде жобалар жүрісінен жаңылып, талай нысан мерзімінде аяқталмай қалды. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев менменсіген мердігерлердің мәселесін майшаммен қарап, олардың өңірде ғана емес, ел аумағында да жұмыс істеу құқығынан айырылатындығын айтқан болатын. Содан бері не өзгерді?
Қанша нысан келесі жылға қалып қойды? Әрі жұмысына жауапсыз қараған мердігерлер жазасын алды ма?

Ең әуелі, өткен жылдың өлшеміне көз жүгіртсек, жыл соңында облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова жоспарланған 7 білім нысанының мерзімінде берілуі күмәнді болып тұрғанын жеткізген. Ал Қордай ауданындағы Күнбатыс – 2 және Қалғұты ауылдарындағы мектептердің құрылысы бітпейтінін ашып айтқан. Сондай-ақ аталған нысандардың құрылысына жауапты мердігерлер «Тараз Құрылыс Инвест», «Строители Века», «Тараз Ирригация», «Шұғыла – 2002», «Теберда СтройСервис», «Темир-Строй Сервис и Ко» және «Талас құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің басшылары құрғақ уәдемен уақыт созып жүргенін мәлімдеген. Мұндай ақпаратқа ашуланған облыс әкімі жосықсыз мердігерлердің басынан сипай қоймады. Әкім сөзінен үзінді келтірсек, «Жыл басынан бері бір мәселені он бірінші мәрте қарап отырмыз. Жиырма бір хаттама толтырылды. Облыс әкімінің басқа жұмысы жоқ деп ойлайсыздар ма? Соңғы кеңес өткен жылғы қазан айының 10-ы күні болды. Сонда 1 қарашаға дейін барлық мектепті күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау керек дегенбіз. Бірақ тапсырма толықтай орындалған жоқ. Тараз қаласын аралап, 4 мектептің де құрылысы баяу жүріп жатқанын көрдім.
Сіздерді ешкім қинаған жоқ. Өз еріктеріңізбен жұмысқа кірістіңіздер. Келісімшартқа отырдыңыздар. Келісімшартта құрылыстың басталуы, аяқталу мерзімі тайға таңба басқандай көрсетілген. Құрылыс нысандарында бірнеше мәрте болдым. Бәріңіз уәде бердіңіздер. Алайда уәде орындалмады.
Жыл аяқталар тұста мердігерлердің өз міндетін қалай орындағаны сараланады. «Шұғыла – 2002» серіктестігі осы күнге дейін қанша мәрте уәде берді. Серіктестік кешіккен әрбір күніне келісімшарт бойынша айыппұл төлесін. Естеріңізде сақтаңыздар, мемлекет алдындағы міндетіне салғырт қарағандарға кешірім болмайды. Жамбыл облысы емес, Қазақстанда жұмыс істеу мүмкіндігінен айырыласыздар», деген болатын Бердібек Сапарбаев.
Міне, содан бері де біраз уақыт өтті. Жаңа жылдың жаңа күнпарағы ашылды. Ал жоғарыда аталған мәселелер шешімін тапты ма? Облыс әкімдігі білім басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, 7 нысанның бесеуінің құрылысы жыл соңында да аяқталмай, биылға өтпелі болыпты. Қордай ауданындағы Күнбатыс – 2 және Қалғұты ауылдарындағы мектептердің құрылысына жауапты болған «Шұғыла – 2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапқа тартылған. Тараз қаласындағы №2, 16, 22 мектептердің құрылысын жүргізіп жатқан мердігерлер «Жыл аяғына дейін бітіреміз деп уәде беріп едік. Бірақ құрылысты аяқтай алмадық. Алайда жоба бойынша нысан 2021 жылы өткізілетіні көрсетілген», деп ақталған көрінеді. Осылайша «биыл бітіреміз» деп билікке жақпақшы болған мердігерлердің жоспары жүзеге аспай, соңында сасқан үйректің кейпін танытып отыр.
Мұндай құрғақ уәдеге құлақ та, етіміз де үйренген. Десе де жұмысты кешіктірген мердігерлер қандай жазаға тартылды деген ой маза бермейді. Бұл сауалмен Қордай ауданы әкімдігіне қайырылып едік, ондағылар Күнбатыс – 2 ауылындағы 150 орындық мектепке жауапты болған «Шұғыла – 2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 1,2 миллион теңге айыппұл салынғанын айтты. Ал техникалық қадағалаушы 694,5 мың теңге арқалапты. Осылайша жалпы айыппұл құны 1,9 миллион теңгені құраған. Қазір іс сот қарауында.
Ал Қалғұты ауылындағы 180 орындық мектептің құрылысын жүргізген «Тебердастройсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 312,6 мың теңге көлемінде айыппұл белгіленген. Техникалық бақылаушыға 500 мың теңге айыппұл салынған. Жалпы алғанда, мұндағы айыппұл құны 812,6 мың теңгеге теңестіріліп отыр. Аталған серіктестікке қатысты сот өткен жылдың қараша айынан басталып кеткен.
Міне, осылайша жергілікті билік жосықсыз мердігерлермен қоса, техникалық бақылаушыларға да айыппұл салып, істерін сотқа жолдаған.
Алайда мердігерлердің уәдесінен жергілікті билік мезі болғандай. Олай дейтініміз, жыл бастала сала облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құрылыс нысандарын өзі аралап, тағы бір мәрте сын-ескертпелерін айтып шықты. Ең әуелі, аймақ басшысы Тараз қаласындағы №22 орта мектептің жаңа ғимараты мен саңырау және құлағы нашар еститін балаларға арналған мамандандырылған «Мейірім» мектеп-интернатының оқу корпусына бас сұқты.
№22 орта мектептің ғимаратын кеңейту қажеттілігі бұрыннан айтылған. Себебі осыған дейін 400-ден аса бала аядай ғана, тозығы жеткен қос қабатты екі ғимаратта оқуға мәжбүр болған еді. Оның бірі 1972 жылы мектеп үшін арнайы салынса, ал екіншісі 1880 жылы бой көтерген. Екінші ғимарат бір кездері бай саудагерге тиесілі болып, ол оны кейінірек бастауыш сынып оқушыларының игілігі үшін деп мектепке берген. Осы жылдар ішінде мектептің екі ғимараты да бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмепті. Соның салдарынан терезелері мен есіктері, едендері, жиһаз-жабдықтары, сантехникалық жүйесінің әбден тозығы жеткен.
Сондай-ақ мектепте ішкі санитарлық-гигиеналық тораптар орнатылмаған.
Мектеп директоры Шолпан Дихонбаеваның айтуынша, жыл сайын оқушылар саны артып, биыл балалар саны 480-ге жетіпті.
– Біз ғимаратты кеңейту қажеттілігі туралы мәселені бұрыннан көтеріп келдік. Бастапқыда жергілікті билік біздің мектепте күрделі жөндеу жүргізіп, тағы бір оқу корпусын салу туралы шешім қабылдады. Бірақ облыс әкімі Бердібек Машбекұлы өткен жылдың көктемінде мектепке келіп, балалардың қандай жағдайда оқып жатқанын көріп, жаңа мектеп ғимаратын салу туралы шешім шығарып, қуантты. Енді міне, балалар мен ата-аналар, мұғалімдер мектеп құрылысының аяқталуын асыға күтіп жүр. Келесі оқу жылын жаңа мектепте қарсы аламыз деген үміттеміз, – дейді білім ордасының басшысы.
№22 орта мектептің жаңа ғимараты 600 балаға арналған үшқабатты екі корпустан тұрады. Құрылысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Нысанды осы жылдың соңында тапсыру жоспарлануда.
Ең қуанарлығы, бүгінге дейін мектеп тек орыс тілінде білім беріп келсе, пайдалануға берілгеннен кейін мұнда қазақ тілінде оқытатын сыныптар ашылады деп күтілуде.
Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға жаңа мектептің барлық құрылыс жұмысының сапасын мұқият бақылауды, аулаларын жарықтандыруды және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, мекеме аумағын сенімді қоршаумен қоршауды тапсырды.
Бұдан соң облыс әкімі саңырау және нашар еститін балаларға арналған облыстық мамандандырылған «Мейірім» мектеп-интернатына ат ізін салды.
Онда бүгінде облыстың түкпір-түкпірінен келген 130 бала білім алып жатыр.
Мекеме бұрынғы балабақ­шаның ыңғайлас­тырылған ғимаратын­да орналасқандық­тан, жергілікті билік қосымша 80 орындық оқу ғимаратын салу туралы ұйғарымға келген.
Мектеп-интернаттың жаңа оқу ғимаратының құрылысы 70 пайызға аяқталған. Бұл нысанда балалар эпидемиологиялық жағдай жақсарған кезде ғана оқи бастамақ. Бүгінде мектептің барлық оқушылары қашықтан білім алуда.
Осылайша облыс әкімі сағызша созылған мектеп құрылысын жыл басынан өз бақылауына алып отыр. Мұндай қырағы қадағалау мердігерлердің жұмысына қамшы басады деп сенеміз. Сондай-ақ екі бірдей серіктестік пен техникалық бақылаушысы сотқа беріліп жатқан Қордай ауданындағы мектеп құрылысына да бақылау қажет-ақ.
Әйтеуір, ертең жыл соңында мердігерлерді тағы сотқа беріп, нысандарымыз келер жылға өтпелі болып жатпаса болғаны…

Саян ТІЛЕУЖАН