Луговойдың «гареміндегілер» газсыз отыр

0 223

Ғылым – техниканың қарыштап дамыған заманында көгілдір отынсыз, түнгі жарықсыз, асфальт жолсыз отырған ауылдарды әлі де көптеп кезіктіруге болады. Алысқа бармай-ақ Т.Рысқұлов ауданы, Луговой ауылына барсаңыз, бұл көрініс көзіңізге оттай басылады. Қазіргі жағдайына қарасаң, өткен ғасырда қалып кеткендей көрінетін Ынтымақ көшесінде қазіргі таңда 49 отбасы тұрады.

Бізге хабарласып, көшелерінде түнгі жарықтандыру да, ауылда бар газдың Ынтымақ көшесінде жоқ екенін айтқан тұрғындар жақында ғана жолға тас төселгенін жеткізді. Бірақ беті әлі асфальтталмаған. Ал жаяу жүргінші жолы баз баяғы қалпында. Мектеп 2 шақырым қашықтықта орналасқандықтан кішкентай балалар жауын-шашынды күндері лай кешіп баруға мәжбүр.

– Негізінде ауылға біраз жыл бұрын газ кіргізілген. Бірақ біздің көшеге жетпеді. Ауыл ақсақалдары, жасы үлкендер жиналып, келіп тұрған газдан құр қалмауға барын сала кіріскен еді. Бірақ жұмысты жүргізіп жатқандар «Сіздердің көше жобада жоқ» депті.
Қазір кішігірім ауылдардың өзінде түнгі жарықтандырылуы жолға қойылған. Біздің көше оған да жарымады. Мектепке кеткен балаларымызды қыстың қысқа күнінде алдынан шығып күтіп аламыз.
Жолымызға тас жақында төселді ғой. Бұрын такси жүргізушілері көшенің жолы нашар екенін, сондықтан жүрмейтінін айтып, алыстан тастап кететін, – дейді тұрғын Ырысты Жұмабайқызы.

Көшенің жағдайын көзбен көріп, ауыл әкімінен мән-жайын білмекке барғанымызда да біраз тұрғын жиналып, базыналарын айтып үлгерді.

– Бұл көшенің назардан тыс қалғаны соншалық, емхана секілді мекемелерге барсақ, «Ынтымақ қай көше еді?» деп тұрады. «Станционная» деп бұрынғы ескі атауын айтсақ та білмей, ауызекі айтылып кеткен атауымен «Гарем» десек ғана түсінеді көп кісілер. Сондықтан болар, кезінде ауылға газ кіргенде де бұл көшенің жобаға ілікпей қалған, – дейді Фархат Рысқұлов.

Ал Луговой ауылының әкімі Мұрат Сванов көгілдір отынды көшеге тұрғындардың өздері тартатынын айтады.

– Ауылға 2012 жылы газ кіргізілген. Мемлекет газды тек ауылға ғана жеткізіп береді. Ары қарай көшелерге, үйге тұрғындар өз қаржысымен кіргізуі керек. Мысалы Ынтымақ көшесіне ең жақын газ реттеу пунктінен (ШРП) арақашықтық 1 шақырым 300 метрді құрайды. Сол себепті бұл көшенің тұрғындарына көгілдір отынды тарту басқаларға қарағанда қымбатқа түсіп тұр. Яғни әр үй 500 мың теңгеден шығаруы керек. Ынтымақ көшесінде тұратын 49 үйдің бәрінің бірдей 500 мың теңгені төлеуге жағдайлары жете бермейді, – дейді ауыл әкімі.

Анығында бұл көшедегі 54 үйдің 49-ында отбасы қоныстанған. Олардың 12-сі көпбалалы отбасына жатады. Және мұнда 5 мүгедек азамат, 17 зейнеткер бар. Сондықтан да көгілдір отын үшін 500 мың теңге тауып беруге бәрінің қалтасы көтере бермейтіні анық.

– Ал жолға келсек, көріп отырсыздар тас төселді. Енді асфальтталады. Көшенің жарықтандырылуын келесі жылдың жоспарына қосамыз. Бірақ келесі жылы жарық шамдары орнатылады деп нақты айта алмаймын. Егер мақұлданып, тиісті құжаттары рәсімделіп, қажетті қаржысы бөлінсе, уақытында жасаймыз, – деп Мұрат Айтымбетұлы жиналған тұрғындардың алдында уәдесін берді.

Ал ауылдағы бар көгілдір отынды көшеге кіргізу үшін ауыл әкімі тұрғындарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

 

Қамар Қарасаева

Т.Рысқұлов ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.