Мәдина «Әулиеата аруы» атанды

59

Тараз қалалық Ықылас Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйінде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Әулиеата аруы-2020» облыстық байқауы өтті. Сұлулық сайысына облыстың аудандары мен Тараз қаласынан 16 мен 29 жас аралығындағы 11 бойжеткен қатысып, бақ сынасты. Байқауды сөз сөйлеп ашқан облыстық әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа ұйымдастырылып отырған шараның мақсаты мен биылғы ерекшелігін тілге тиек етіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сұлулар мен білімділер сайысына облыстық әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің әдеп жөніндегі уәкілі Орынқыз Жолдасова, облыстық К.Әзірбаев атындағы филармония директорының орынбасары, сазгер Жандос Омаров, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Тәутен, жас кәсіпкер Еламан Омаров төрелік етті.

Қазіргі қазақ қыздарының жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастырып, ұлттық тәрбиеге лайықты сұлу болмысын танытуға бағытталған сайыста бұрымдылар таныстыру, қойылған сұрақтарға жауап беру, кеш көйлектер сән үлгісін көрсету және өз өнерлерін ортаға салу сияқты шарттар бойынша 4 кезеңде сынға түсті.

Таныстыру бөлімінде арулардың бірі әсем әннің ырғағында қара сөзбен өз-өздерін таныстырса, бірі қолына домбыра алып, таныстыруларын жырға қосты. Мұнымен қоса көрермендерге бейнебаян, әсерлі қойылымдар ұсынып, монолог, өлеңдер оқыды. Ән айтып, билеп те берді.

Тартысты сайыстың нәтижесінде кештің басынан-аяғына дейін ерекше көзге түсіп, өнерімен көрерменді тәнті етіп, барлық талапқа сай болған Байзақ ауданы, Үлгілі орта мектебінің 11 сынып оқушысы Мәдина Сағындықова бас жүлде мен 150 мың теңгенің сертификатын жеңіп алды. І орынды Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің студенті Манат Бұтақбаева иеленсе, ІІ орын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Ақбота Сабыржанқызына бұйырды. ІІІ орынға Т.Рысқұлов ауданынын қатысушысы Жансая Сарсенбаева лайық деп танылды.

Басқа да қатысушы арулар Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Е.Жылқыбаевтың алғыс хатымен марапатталды.

Айжан Өзбекова