Майкөт және Жамбыл

0 12

Қазақтың аса ірі дастаншысы, халық поэзиясының қабырғалы өкілі, өте шебер төкпе ақын-жырауы Майкөт Сандыбайұлының артында қалған жырлары толығымен ел-жұртқа жетпеген.

Ол туралы мәліметтер де сақталмаған. Айтулы ақын 1824 жылы Қаратаудың бөктеріндегі Шабақты өзенінің жағасындағы Бестоғай алқабында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Ұлы жүздің Дулатынан тараған Ысты, оның Тілік атты атасынан өніп-өскен ұрпақ. Ұлтымыздың ауыз әдебиетінің көрнекті тұлғалары Түбек, Құлыншақ, Бақтыбай, Майлықожамен қатар аталатын Майкөт Сандыбайұлының есімі көпшілікке аян.

Қашаннан-ақ өркениеттің алтын бесігі болған, неше бір бұлбұл мен дүлділ еркін қанат қаққан қасиетті Қаратау топырағына кіндік қаны тамып, халық арасында жиі айтылатын ауызекі жырларды, қисса-эпостарды, аңыз-әндерді жастайынан жаттаған Майкөт елге ерте таныла бастайды. Сөз мәйегіне уызынан жарыған бала шәкірт ауыл молдасының дүбәра оқуын місе тұтпайды. Жасөспірім шағында Қаратудың күнгейіндегі Шаянға барып, Әппақ Ишан медресесінде сауа­тын ашады. Кейін оны Шоқай датқа өз қамқорлығына алып, болашағы зор жас ақынға мүмкіншіліктер жасайды. Жас шайыр алғашқы кезде аймақта өткен той-жиындарда қағытпа қалжың, өткір әзіл сынды жырлар айтып, там-тұмдап өнер көрсетіп жүреді. Уақыт ке­ле ізденіп, сауатын ашып, айтыс өне­ріне төселіп, бәйгеде тынысы ашыл­ған арғымақтай еркін қанат қағып, көп­шіліктің ықыласына бөленді. Мысалы, оның тырнақалды туындысы бір тойда кездескен құдашаларға арналады:

Өсіпсің құдашалар бірдей болып,

Аршыған сабағынан гүлдей болып.

Болды ма сағынғаннан,

сарғайғаннан,

Көзіме көрінесің үрдей болып.

Көйлегің үстіңдегі жанар гүл-гүл,

Шыбықтай тоғайдағы

шашың сүмбіл.

Біз келдік қонақтауға бұтағыңа,

Жайқалған биіктегі сен бір бұлбұл.

Бұл өлеңде кәдімгі қазақ ауылының жарасымды әзіл-қалжыңы, назы, бозбала мен бойжеткеннің жүрек лүпілі сезіледі. Зер салсаңыз, таңқаларлық ғажайып сурет емес пе?!

Майкөт жігіт шағында Қаратау өңі­­­ріне аты шыққан ағайыны Шоқай дат­қаның арқасында жақсы ат мініп, әдемі киім киіп, әлденеше нөкер ертіп, салтанатпен ел аралап, сал-серілік құр­ған. Жасынан-ақ бүкіл Қаратау, Сары­арқа өңі­ріне, Сыр бойына аты мәшһүр ақын және жырау ретінде танылған екен.

Сұраса руымды Ысты дейді,

Ойықта хан Жамбыл,

Бөлтірік шешен күшті дейді,

Ыстының бір баласы Тілігіміз,

Тіліктер Жәкел, Шоқай ұстын дейді.

Баласы хан Шоқайдың Төрекелді,

Басына бақ пен дәулет ере келді.

Жасынан оқу оқып, білім ұстап,

Ешкімге түрттірмей тұр

төменгі елді, –

деп өзіне қамқорлық жасаған ағайын­дарын жырға қосып, мадақтап жүруінің өзі аға­йынға, елге оны жақындата түседі.

Ол эпостық қиссаларды апталап, айлап жаңылмай жырлаған. Реті келгенде, айтысқа түсіп отырған. Келе-келе қатар жатқан қырғыз жұртын аралап, неше бір айтулы, тарихта қалған айтыстарға қатысып, майталман ақын дәрежесіне жетті. Майкөт айлап, жылдап ел аралап жүріп, Сыр сүлейлерімен жан алып, жан беріскен айтыстарға түскен. Бірақ өкінішке қарай, ол кіммен айтысты, қа­лай айтысты, ол туралы деректер жоқтың қасы.

Бұрынғы-соңғы жыршы-жырау­лардың, абыз-ақындардың қайсысы болмасын өмір өткелдерін санамалап, өлең жолдарын түзгенін білеміз. Көптеген ақындар кезінде бір жастан жүз жасқа дейінгі адам өмірі белестерін жырға қосып отырса, солардың алғы шебінде Майкөт ақын да болды. Оған мына жыр шумақтары дәлел:

Әр істен жас күніңде аянбайсың,

Сүйеніп еш нәрсеге таянбайсың.

Бұл дүние бәрі жалған опасы жоқ,

Тоқталып кімге енді баяндайсың?

Он бесте жарға ойнаған лақтайсың,

Тұп-тұнық жерден шыққан

бұлақтайсың.

Байлық пен жарлылықты көңілге алмай,

Ағаш үйде жанатын шырақтайсың.

Жиырмада бақшаның бағындайсың,

Патшалардың алтыннан

тағындайсың.

Өмірің өтер-кетер желдей соғып,

Өткен соң іздегенмен таба алмайсың.

Отызда түлеп ұшқан сұңқардайсың,

Бәйгеден күнде келген тұлпардайсың.

«Жігіттік өтті әттең

қайтейін» деп,

Толғанып өткен жасқа

қылжақтайсың.

Қырықта өткір болат

қылыштайсың,

Уәжіп уәде сөзді кіл ұстайсың.

Өмірің өтер-кетер санаулы күн,

Күннен күн жастық дәурен

жылыстайсың.

Дүние, бұнша тәтті болдың неге?

Ұмытып жанның бәрі мал дегенде.

Бір белес елу деген шыға салып,

Алдыңа көз саласың қарай өңге.

Аяқтың астында екен алпыс еңіс,

Жастармен саудасы жоқ алыс-беріс.

Дариға, қайда менің қайратым деп,

Омалтып от басында қылар кейіс.

Жетпіс жас алпыстан да арағырақ,

Салады әуре-сарсаң тарағырақ.

Үш жүзге үлгі айтқан би де болсаң,

Сөзіңді қайтарады қатын талақ.

Сексен тұр жетпіс ассаң

көлденеңдеп,

Құрғайды бүкіл денең сусап шөлдеп.

Қасыңда тең құрбыңның

бәрі де жок,

Шақырар ермек үшін бері кел деп.

Тоқсанға келсең егер жатқаныңыз,

Азапқа белшеңізден батқаныңыз.

Ұлың шайқы, келінің шайпау болса,

Құдай ұрып қарадай қатқаныңыз.

Шықпайды жүзге толық

бұл күнде адам,

Өмірің содан кейін болар тамам.

Ішіп-жеп бір-біріңді сыйласып өт,

Бұл дүние бәрі жалған

нансаң маған.

Ол кез ән-күйін әспеттеп, қаһар­мандық пен сұлулықтан сыр тартып, жанартаудай лапылдаған жырға құлақ құрышын қандырған әлі де ішкен асын жерге қойып, өнер десе өре түреген за­ман еді. Майкөт Сандыбайұлы Сы­пы­ра жырау, Асанқайғы мен Бұқар жы­рау дәстүрі мен жаңашылдығын ­жан­дантып, бұйығылана бастаған рауан рухты қайта оятып, поэзияның ыс­­тық демінің көкіректегі қоламта шо­­­ғын үрледі. Майкөт Майлықожа, Құ­лын­шақ, Түбек, Мәделіқожа, Бұда­бай, Бақ­тыбай және басқа жыр тарлан­дары­мен айтысып, ақындық биі­гін шың­дады. Оның Бөлтірікпен сөз қа­ғы­суында «Сен түгіл Сүйінбай мен Бақ­ты­байдың бәпігін Майкөт ағаң бас­қан, бала» деуіне қарағанда, жасы екі мү­шелдей үлкен Сүйінбай Аронұлымен айтысқандағы жыр шоқпарын сүйсінбей оқу мүмкін емес. Майкөт ақынның біраз шығармалары («Сарыбай асында айт­қан құттықтау толғауы»,«Жамбылдың Майкөтпен дидарласуы » және де басқа айтыстары) ұлттық поэзия қорына, жыр әлеміне енді.

Ал осы құтықтау толғау, дидарласу қалай өтті дегенге келетін болсақ, 1890 жылы «Дала уалаяты» газетінде жазылғандай, Алатау аймағының атақты биі Сарыбай Айдосұлы қайтыс болады да, 1891 жылы Майтөбе жайлауында ас болатындығы айтылады. Уағдалы хабарланған уақытта Майтөбеде Үл­кенсаз жайлауында Екейдің беделді адамы Сарыбайға ас беріледі. Бұ­ған көрші қырғыз елі, бір жағы Шым­кент, Әулиеата, бір жағы Жоңғар Ала­та­уын­дағы Найман, Жалайыр, төрдегі Албан жұрты шақырылады. Асқа бел­гілі Майкөт ақын сайрамдық датқа Бүркітбаймен қырық кісі болып жолға шығады. Жігіттердің мінгені кілең алқымы іспес арғымақ: он боз жорға, он қара жорға, он күрең жорға, он шұбар жорға. Астарындағы аттардың түр-түсіне қарай жігіттер де сән-салтанатпен киініп шығады, сырттарынан қарағанда көз тартатын топ Қарабалтаға жеткенде Бүркітбай датқа науқастанып кері қайтады да, топты Майкөт бастап асқа келеді. Ас жиынының иесі Сүйінбай болады да, ал Жәпек батырдың ұрпағы Қосай Әжібаев асты басқарады. Талай дүлдүл ақын-жыраулар айтысқа түсіп, жиынды қыздырады. Осы асқа отыз кісімен ат терлетіп жеткен Майкөт ақынға кезек келгенде ол қолына домбырасын алып, жыр тиегін селдей ағытады:

Ойлап ем ауыл жақтан келейін деп,

Сәлемін пайғамбардың берейін деп.

Жиынын Сарыекемнің есіткен соң,

Отырмын біраз өлең төгейін деп.

Шәріміз Әулиета, Меркіде еді,

Өлеңге молда Майкөт еркін еді.

Жиынын Сарекемнің есіткен соң,

Бұл Майкөт сонша жерден

жетіп еді.

Қорғасын ауырындай салмақтары,

Бабамның көтере көр аруақтары.

Жүрмісің есен-аман күйлі-жайлы,

Отырған Жетісудың саңлақтары?!

…Шымкентте менің атым

Майкөт деген,

Бір сөзім бір сөзімнен қайта өтпеген.

Мен дағы өз әлімше сөйлеуші едім,

Кісілі жердің жөнін байқап кеп ем.

Келдім мен Әулие-ата оязынан,

Кедейдің үсті жыртық

қойы азынан,

Бай болсам өз үйімде

жатпас па едім,

Дәулеттің қаңғып жүрмін саязынан.

Болғанда жерде сұңқар,

көкте сұңқар,

Өлмейтін бұл дүниеде қандай

жан бар.

Екейдің мұқалмаған қылыш тілі

Армысың, ер Сүйінбай – аға сұңқар.

Ел жаңа елу жылда,

жүз жыл – қазан,

Қандырар құлақ құрышын –

ертеңгі азан

Өлді деп Сарыекемді естіген соң

Барсам деп, күндіз-түні

кетті мазам, –

деп Майкөт салтанатқа жиылған жұртқа өлеңмен амандасады.

Бұл сәтте ас қамында жүрген Жамбыл алыстан ат арылтып келген Майкөттің алдынан дер кезінде шыға алмай қала­ды. Бұған Майкөт ағалық наз білдіріп, қасына Жамбылды шақырып алдырады. Сол жолы Жамбыл:

Ассалаумағалейкум, Майкөт аға

Есітіп даусыңызды келдім жаңа

Алдынан үлкендердің өтпейін деп,

Аялдап әдеп еттім біраз ғана.

Сіз бе еді ақын аға, Майкөт деген,

Бір сөзі бір сөзінен қайта өтпеген

Саңқылдап сарайыңнан өлең шықса,

Именіп өзге ақындар бәйпектеген.

Келіпсіз біздің елге әдейі іздеп,

Мейманды құрметтейтін

кәдеміз ед.

Сүйреңдеп алдыңызда сөз сөйлемей,

Етейін деп ойладым әдеп-ізет.

Сөйлеген аға тұрып ініден без,

Ежелден елде сондай бар еді сөз.

Аралау ағайынды бір бұл емес,

Әлі де бізбен талай болармыз кез,

– деп жасы үлкен ағаға сәлем бере танысқанда, риза болған Майкөт:

Сапар тартып келіп ем,

Сарыбайдың асына.

Отыз кісі елімнен,

Еріп еді қасыма.

Шырқайын деп шығып ем,

Майтөбенің басына.

Жаңғырықсың дауысым,

Алатаудың тасына.

Естуші едім дабысын,

Жамбыл бар деп осында.

Ақын болса келмейді,

Неге менің қасыма?

Неге сәлем бермейді,

Мендей кәрі досына?

Бәрекелді, Жамбылым,

Сөз жүйесін келтірдің 

Аңғарыңды таныдым

Көтеріліп желпіндім

Аталы сөз – мәні мол

Жылағымды келтірдің

Тал бойыңда бар екен

Алыс шабар серпінің.

Тауып айтқан сөзіңе,

Селт еттім де серпілдім.

Мейірім түсті өзіңе,

Бата берсем деп тұрмын.

– деп Жамбылға ыстық ықылас білдіріп, алғыс батасын береді. Арысы шығыс, берісі төл тума өнеріміздің кәусәр қой­науынан сусындап, нұрлы бастаулардан нәр алған Майкөт ақын жолы шыдыр, серігі Қыдыр шалқар шабытын серпіп тастап, мейірімі түскен Жамбылға аталық батасын береді. Томағасын сыпырған таудың өжет бүркітіндей, бұған қатты толқыған Жамбыл :

Әумин, батаңызға көтердім қол,

Етейін сізге қызмет мен осы жол

Той қылып тобымызда отырыңыз,

Менің де Майкөт аға тілегім сол, – деп қол жаяды.

Талай текетірестерде тіс қағып қал­ған Жамбылдың жауабында да інілік ізет, үлкенге деген ізгі ілтипат тұнып тұрғандай. Осы ілтипатты сұлу, сыпайы тілмен ақын жасы үлкен ақынды құр­меттеп, оны барынша өрнектейді.

Әрі қарай Жамбыл осы топ алдында Сарыбайды жоқтап былай деп жыр айтады:

Қас жүйрікті айтамын,

Шапқан сайын өрлеген.

Қас сұңқарды айтамын

Алыстан тоят тілеген…, –

дей келіп, марқұм Сарыбайдың адам­гершілік қасиетін, ерлігін мадақтайды. Жамбыл сол өрелі топтың алдында өзі­нің қабілеттілігімен, шеберлігімен танылып, батыр да батыл, уыт тілді зор ақын екенін көрсетеді. Тәжірибелері мол сақа жырау-ақындардың алдында өрелі өнерін көрсеткен Жамбылға көпшілік риза болады. Оны ұстазы дүлдүл ақын Сүйінбаймен теңестіреді, болашағы мол көрнекті ақындар қатарына енгі­зеді. Жамбылды Жамбыл етіп елге та­ныстырған оның ақындығы.

Асқа қатысқан көпшілік Майкөттің айтқыштығына риза болып, үлкен қошемет көрсетеді. Асты билеп тұрған Құдайберген ақынға ақбас атан, торы құлынды бие, торы ат, бір мауыты шек­пен беріпті. Ол кезде түйе 20 сом, жыл­қы 15 сом, қой 3 сом екен. Сол жерде аты аталған саңлақтар, бай-шон­жарлар, датқа мен болыстардың кемі 10 сомнан сый-қаржы ортаға түседі. Сөйтіп, Майкөт бастаған жігіттердің қоржындары ақшаға толады. Сол ас-жиыннан үлкен сый-абыроймен шыққан сері топты қырғыз ағайындар жол бо­йында Қордайдан қошеметпен күтіп алып, ән-жырын тамашалап, белгілі манаптар ауыл-ауылға қонаққа шақырып, үш жыл бойы қонақ етіпті. Әулиеата өңіріне оралғанда олардың алдында үйір-үйір жылқы, қора-қора қой болыпты. Оларын ел-жұртқа таратып беріп, ағайын-туыстарын қарық етіп тастапты.

Ерен ақын Майкөт Жамбылмен айтысқан емес. Өмірлерінің соңына дейін аға-іні болып бірін-бірі қадірлеп, сыйлап өткен. Тіпті, Жамбыл Әулиеата, Қаратау өңіріне арнайы келіп, Майкөт ақынға сәлем беріп, одан «Мың бір түн», «Көрұғлы» және де басқа хикаяларды, қиссаларды, дастандарды үйренген деген мәліметтер бар.

Жырға жүйрік Жамбыл: «Қаздай қалқып ерінбей, Өлең тердім жасымнан, Майкөт ақын, Құлмамбет, Орын берді қасынан», – деп Майкөтті үлгі тұтқан. Майкөт қазақ қаһармандарын, солардың ішінде Өтеген батырды да жырға қосқан. Майкөтттің қасына еріп жүрген жыршы Сұлтанбек Айқожаевтың (1876-1965) орындауындағы «Алпамыс батыр» жыры (Майкөт жырлаған ең көлемді нұсқасы) жазып алынған. Майкөттің «Саржан төреге айтқан жыры», «Сарыбай асында айтқан құттықтау толғауы», Құлмамбет, Қазанқап, Бөлтірікпен айтысы, тағы бірер туындысы сақталған. Алайда өлең­дері мен жырларының, сондай-ақ айтыс­­тарының көбі ұмытылған яки жинас­тырылмаған.

Шығыстанушылар Майкөт жырының «Қисса Майкөт немесе қазақтардың мың жылдық тарихы туралы мың сөз» деген атпен орысша аударылған нұсқасын зерттеулеріне арқау еткен (В.В. Радлов, В.В. Бартольд, т.б.), Майкөтпен кездескен Ә.Диваев оның қазақтың мың­жылдық тарихын өзінше жырлаған алып жыршы екендігін айтқан. Қырғыз ақыны Тоғолоқ Молдо (Байымбет Әбді­рахманов, 1860-1942) «Қазақ ақында­ры» деген толғауында: «Тоқпақта үлкен жиын­да, Майкөтті көрдім көзіммен… Қар­шығадай түйілген, Өзі салдай киін­­ген», – деп жырлаған. Майкөт шы­ғар­машылығына С.Сейфуллин, М.Әуе­зов, С.Мұқанов назар аударды, Қ.Жар­мағамбетов, Е.Ысмайылов, М.Жол­дасбеков, Ә.Доспанбетов, т.б. зерт­теді. Дегенмен Майкөттің ақындық-жыр­шы­лық табиғатын терең тану, туындыларын іздестіріп-жинастыру әлі де кезегін тосып тұрған іс.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.