Маңғыстаулықтар азық-түлік бағасын реттеудегі Жамбыл облысының тәжірибесімен танысты

0 3

Жуырда ғана Премьер-Министр Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының  бағаларын реттеу мәселелері жөніндегі кеңесте Жамбыл облысындағы бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету шараларын оң бағалап, өзгелерге үлгі ретінде ұсынған болатын.

Осыған орай Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров бастаған делегация Жамбыл облысының оң тәжірибесімен танысуға арнайы келді. Қонақтармен кездескен аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев топ мүшелеріне әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша облыста атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Облыс әкімі «Алқаптан сөреге дейін» жобасы аясында, тұрақтандыру қоры арқылы, сондай-ақ, азық-түлік тауарларын шекті мәннен төмен бағада өткеретін әлеуметтік дүкендердің жұмысы жайлы түсіндіріп өтті.

Өз кезегінде Бекбол Орынбасаров жамбылдықтардың оң тәжірибесін Маңғыстауда тиімді жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізуге ниетті екендіктерін жеткізді.

Айта кетейік, облыс 19 әлеуметтік азық-түлік тауарларының 9 түрімен артығымен, 8 тауармен 50 пайызға қамтылған.

Облыста «Алқаптан сөреге дейін» жобасы аясында тауар өндірушілер өнімдерін делдалсыз тікелей дүкендерге жеткізуде. Жоба  аясында жалпы жергілікті бюджеттен 1582,8 млн. теңге бөлінген.

Тұрақтандыру қоры арқылы 574,7 млн. теңгеге 4468 тонна өнім өткеріліп, өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артты.

Облыста азық-түлік тауарларын төмендетілген бағада өткеретін
32 әлеуметтік павильон жұмыс істейді. Оның он бесі Тараз қаласында орналасса, он жетісі аудандардан ашылған.

Жалпы дүкендердегі тауарларға  деген сұраныс күннен күнге артып, апта сайын олар арқылы 85,3 млн. теңгеге 115,5 тонна өнім және 86 мың дана жұмыртқа сатылуда.

Жыл басынан бері тұрақты түрде 53 жәрмеңке өтіп, онда
1392 тонна (423 млн. тг) ауыл шаруашылығы өнімдері нарықтағыдан
8-20 пайыз төмен бағада өткерілген.

Қазіргі таңда өңірде жалпы көлемі 3,5 мың тонна тұрақтандырылған көкөніс қоры жинақталған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының  бағалары және инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешені тұрақты бақылауда.

Кездесуден соң маңғыстаулық топ Тараз қаласындағы әлеуметтік дүкендер мен Байзақ ауданындағы көтерме-тарату орталығының жұмысымен танысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.