Мектептердегі бейне-бақылау камералары бір орталықтан бақыланады

0 4

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының бірқатар білім мекмелері мен ішкі істер департаментінде болып, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйелерімен танысты.

Өңір басшысы алдымен №7 орыс мектеп- гимназиясына барып, жаңадан орнатылған  турникеттермен танысты. Енді оқушылар турникеттерді «Tulpar Card» картасы арқылы пайдаланып, ішке кіріп-шыға алады. Мұнда 10 бейне-бақылау  камерасы бар. Облыс әкімі «Дабыл» қондырғысы мен бақылау нүктесін іске қосу неліктен кешігіп жатқанын сынға алды.

Бұл білім беру ошағының ішкі-сыртқы безендірілуі,  QR код арқылы жұмыс істейтін карта, фойедегі кітап сөрелеріне көңіл бөлді. Бердібек Сапарбаев мектеп-гимназия музейін де аралап, 8-сынып оқушыларының сабақ барысымен танысты. Онда қазақ тілі сабағына ден қойған  оқушылардың  жағдайын, оқу үлгерімдерін, үйірмелермен қамтылу мүмкіндіктеріне назар аударды.

Мектеп- гимназияны бір жылдан бері басқарып отырған Юлия Фризен ғимараттың 1952 жылы салынып, 2016 жылы күрделі жөндеуден өткенін атап өтті. Мұнда 133 мұғалім, 1584 оқушы бар. Облыс әкімі мектеп асханасын да аралап, оқушыларға берілетін ас мәзірлерімен танысты. Мұнда өңір басшысы  мектепке 300 орындық қосымша ғимарат салу мәселесін  қозғады. Сондай — ақ, ол бірқатар мұғалімдермен сөйлесіп, бүгінде мемлекет тарапынан педагогтарға жасалып жатқан айрықша қамқорлықтар жайлы атап көрсетіп, мұғалімдерді сапалы еңбек етуге шақырды.

Келесі кезекте облыс әкімі  №51 орта мектепте болды. Мектеп директоры Бақыт Сапаралиева былтыр бұл мектептен 1 «Алтын белгі», 7 ерекше аттестат иегерлері шыққанын, 1400 оқушы білім алатынын айтып өтті. Оқу ордасының кіре берісіне де балалардың қауіпсіздігі үшін турникеттер орнатылған. Дегенмен, «Tulpar Card» картасы 481 оқушыда ғана бар болып шықты.

Облыс әкімі мектеп түлектеріне арналған бұрышты көріп, «Түлек кз» сайтына 800 түлектің  тіркелгенінен хабардар болды. Олардың  арасында танымал футболшы Бауыржан Исламхан мен аталған мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, ұстаздық жолды таңдаған Раушан Бүрлібаева да бар. Мектептегі 32 бейне-бақылау камерасы Тараз қаласы полиция басқармасының жедел басқару орталығына қосылған.

Аймақ басшысы мектептегі 150 орындық асхананы,  спорт залды  аралап көрді. Оқушылардың көпшілігі «Tulpar Card» арқылы тамақтанады екен. Облыс басшысы жауаптыларға, мектеп директорына мектептің іші — сыртын безендіріп, белсенді жұмыс жүргізуді тапсырды.                            Мұнан соң Бердібек Сапарбаев облыстық  Тараз қаласы полиция басқармасы жедел басқару орталығына барды. Облыстық полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов бүгінгі күні Тараздағы 10 мектепте орналасқан 60  бейнекамера бір орталықтан бақыланып отырғанын айтты.

Облыс әкімі өзінің орынбасары Дәулет Кәрібекке Тараздағы, жақын аудандардағы мектептердің бейне-бақылау камераларын осы орталыққа қосу жұмыстарын жеделдетіп ұйымдастыруды, өзге де жауаптыларға оқушылардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдайды жасауды тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.