Меркіде тәтті түбір терімі қызу жүруде

63

Елімізде ауыл шаруашылығын алға шығару мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы барған сайын кеңейе түсуде.
Мәселен Меркі ауданында 20 -дан аса шаруа осы дақыл түріп егіп, бүгінгі таңда өнімін жинауда. Қызылша қазығын бірінші болып «Сыпатай батыр» және «Трансфер» ЖШС бастады. Жалпы ауданда 1905 гектар жерге қант қызылшасы орналастырылған. Бүгінгі таңда 294 гектар қант қызылшасындағы өнім жинап алдынды, одан 21 мың 205 тонна дақыл «Меркі қант зауытына» өткерілді.
5-қазаннан бастап қант қызылшасын қабылдап алып жатқан зауытқа шаруалар күніне 3203 тонна өнім өткізуде. Орташа есеппен өнімділік гектарынан 720 центнерден алынуда.
Облыс көлемінде тәтті түбірді зауытқа өткеру бойынша Меркі ауданы алғашқы орында. Былтырғы жылы зауытқа жалпы 128 мың тонна қант қызылшасы өткізілсе, оның 50 мың тоннасын Меркі ауданының шаруалары өсіріп, өндірген.
Ал биылғы жылы өнімділік одан да арта түспек. Өйткені шаруалар қызылша егудің жаңа технологияларын, жерді тыңайтқыштармен қоректендіру әдістерін жетік меңгеріп, кәсіптерін шыңдап, білімдерін жетілдірді. Әрбір істе ізденіс болмаса, нәтиже болмайтыны анық. Үлкен еңбек пен төгілген тердің жемісі – бүгінгі шаруалардың мол өнім алуының себебі.
Ауданда ірі шаруашылықтардың бірі «Сыпатай батыр» шқ жекелеген жерлерден 1100 центнерден өнім алып жатса, «Мехрали», «Мырза–Т», «Кудрат» шқ да саптан қалар емес. Мәселен, «Мырза–Т» шқ 1175 центнерден, ал Николай Калиниченконың «Тоня» шқ алқабынан әр гектарынан 975 центнерден өнім алуда. Ерекше атап кететін мәселе, меркілік шаруалар «Кетпенсіз алқап» әдісін қолдануда. Бұл дегеніміз, қант қызылшасы алқабында мүлдем адам күшінің қолданылмауы. Мысалға, «Сыпатай батыр» шқ 180 гектар қызылша алқабында 5 адам жұмыс жасауда. Оның екеуі комбайншы, екеуі «КамАЗ» жүргізушілері және бір алқап бригадирі. КСРО кезінде есімізде, аналарымыз, әкпелеріміз – таңның атысы, күннің батысы алқап басында жүретін. Ол кездері барлығы қол күшімен жасалынатын. Қазір технология дамыған кез. Шаруалар мемлекеттік көмекті тиімді пайдаланып, жеңілдетілген несие алып, лизингке техника алып жағдайларын біраз түзеп алды. Мемлекеттің шаруаларға жерді тыңайту үшін беріп жатқан көмектерін де мақсатты қолдануды үйренді. Осылайша былтыр Меркі ауданы облыс аумағында қант қызылшасы бойынша рекорды көрсеткіш көрсетсе, биыл бұл меже одан да жоғары болмақ.