Мерзімінен кешіккен құрылыстардың мәселесі назарға алынды

0 4

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының Саяси кеңесі Бюросының кеңейтілген отырысы өтті. Оған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев қатысып, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бекітілген Жол картасының орындалуына назар аударды. Бұл маңызды құжат аясында өңірде айтарлықтай шаруалар атқарылғанымен, олқылықтар да жоқ емес.

Басқосуда алдымен экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндамасы жасап, жыл басынан бері өңірде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 329,5 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 16,4 пайызға артқанын тілге тиек етті.

— Есепті кезеңде 11 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның 3-еуі аяқталды, жаңа оқу жылына 7 мектеп оқушылардың игілігіне берілсе, жыл соңына дейін тағы  1 мектеп дайын болады. 73 мектептің жиһаздарын жаңарту, жаңа модификациялық ашу, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту жұмыстары іске асуда, – деді Гүлдана Әлімжанқызы.

Сондай-ақ, облыста еңбек делдалдығына жүгінген мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту деңгейі 64,4 пайызды құраған. Мүгедек жандарды жұмысқа орналастыру, құқықтық, психологиялық кеңес беру, кәсіпке баулу, қажетті құралдармен қамтамасыз ету мақсатында құрылған «Тең қоғам» орталығы тамыз айынан бастап жұмыс істеуде. Орталық жыл соңына дейін 20 мүмкіндігі шектеулі адамды жұмыспен қамтымақ.

— Биыл Жұмыспен қамтудың Жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 5 ауылдағы мәдениет үйлерінің құрылысы жүруде. «Жомарт түлек» жобасымен 4 нысанның – Сарыкемер ауылындағы «Отбасы аллеясының», Ақжардағы «Ардагерлер аллеясының», Талас ауданындағы «Тәуелсіздік аллеясының», Тараз қаласындағы «Мәдениет аллеясының» құрылыстары аяқталды. Облыс орталығындағы «Анаға тағзым» орталығының құрылысы осы айда бітеді», – деген Г.Жауынбекова «Ақыртас» кешенінде ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілгенін де жеткізді.

Биыл 16 инвестициялық жобаны іске асыру жұмыстары жүргізіліп, 7,1 миллиард теңгенің 11 жобасы аяқталған. Қалғаны жыл соңына дейін бітіп, 11,2 миллиард теңге игеріледі. Бүгінде аймақтағы отбасылық үй шаруашылықтарының саны 125 635-ті құрап отыр. Есепті кезеңде 952 шаруашылық құрылған. Алдағы бірнеше айда тағы осындай 2 818 шаруашылық ашылады.

Басқарма басшысының мәліметінше, 2019-2022 жылдары республикалық маңызы бар 262 шақырым автожолды қайта жаңарту жоспарланған екен. Есепті кезеңде соның 84,2 шақырымы қайта жаңартылыпты. Тұрғындарды ауыз сумен қамту деңгейі 88,9 пайызды құрап, жыл соңына дейін жоспар орындалады деп күтілуде. Облыстағы 371 ауылдың 237-сі немесе 936 мың адам табиғи газға қол жеткізген.

Жиын барысында облыс әкімі кейбір салалардағы жұмыстардың мерзімінен кешігуіне байланысты тиісті басқармалардың басшыларын сұрақтың астына алды. Жауапты мамандардың кейбірі ішінара жобалардың аяқсыз қалып жатқаны қаражат мәселесіне тіреліп тұрғанын тілге тиек етті. Өңірдің жол, тұрғын үй құрылысы, денсаулық салаларындағы жұмыстар ойдағыдай дегенмен, білім саласындағы бірқатар жұмыстар көңіл көншітпейді. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамаловтың аймақ басшысы қойған сауалдарға жауап беруде жаңылысуы да саладағы шаруаның ақсап тұрғанын аңғартады.

Басқосу соңында «Қаралма» тау-шаңғы базасының құрылысы мәселесі де сөз болды. Мамандардың айтуынша, бұл нысанның ел игілігіне берілуі үшін әлі 1 миллиард теңгеден астам қаражат керек. Ал бұл соманы мердігер компанияның қалтасы көтермейді. Десе де, Бердібек Сапарбаев Жуалыдағы нысанды тезірек пайдалануға берудің жолдарын қарастырып, мәселені шешу бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.