Облыс әкімі «Ақ жол» ҚДП-ның Мәжіліс депутаттарымен кездесті

0 13

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Ақ жол» ҚДП төрағасы Азат Перуашов пен партия төрағасының орынбасары Қазыбек Исамен кездесті.

Аймақ басшысы халық қалаулыларына облыстың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Сондай-ақ, облыс әкімі қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздіктердің салдарын жою, алдағы уақытта мұндай келеңсіздікке жол бермеу, әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша қолға алынған шаралар жөнінде де жан-жақты тоқталып өтті.

Айта кетейік, Тараз қаласында орын алған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген күдікпен 1500-ден астам адам полицияға жеткізілген. Олардың 900-і түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін үйлеріне қайтарылды. Әкімшілік жауапкершілікке 600 адам тартылған десек, оның ішінде 175-і әкімшілік қамаққа алынса, 54-іне айыппұл салынып, 371-іне ескерту берілген. ҚР Қылмыстық кодексінің әртүрлі баптары бойынша 141 қылмыстық іс қозғалып, соттың шешімімен 85 тұлға қамауға алынған.

Бердібек Сапарбаев облыста құрылған «Қоғамдық қабылдау» тобы құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты ұсталған күдіктілермен және олардың ата-аналары, жақындарымен кездесулер өткізіп, түсіндіру, зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатқандығын жеткізді. Топтың жұмысының нәтижесінде 5 жасөсіпірім қамаудан босатылды. Бұл бағыттағы шаралар жалғасуда.

Басқосуда облыста «Ақ жол» ҚДП-ның 6500-ге жуық мүшесі бар екендігі, түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының 6-ы, екі ауылдық округтің әкімі «Ақ жол»-дың атынан сайланғандығы туралы айтылды. Партия филиалы өңірдің қоғамдық өміріне белсене аралысып, қайырымдылық шараларға да атсалысып отырғандығы назарға алынды.

Өз кезегінде халық қалаулылары аймақ басшысымен бірге жастар тәрбиесі, ата-ана жауапкершілігі, қоғамдық тұрақтылыққа қатысты бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.

Мәжіліс депутаттары облыстағы жұмыс сапары барысында жаппай тәртіпсіздікке қатысты ұсталғандармен және олардың жақындарымен, кәсіпорын жұмысшыларымен кездесулер өткізбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.