Облыс әкімі Мәжіліс депутаттарымен кездесті

0 14

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев  аймаққа жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депуттары Мейрамбек Төлепберген, Назиля Раззақ, Гүлдара Нұрымова, Ильяс Буларовпен кездесті.

Аймақ басшысы халық қалаулыларына облыстың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ, облыс әкімі қаңтар айындағы жаппай  тәртіпсіздіктердің салдарын жою,  алдағы уақытта мұндай келеңсіздікке жол бермеу, әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша қолға алынған шаралар жөнінде де жан-жақты тоқталып өтті.

Тараптар жастар тәрбиесі, ата-ана жауапкершілігі, қоғамдық тұрақтылыққа қатысты бірқатар өзекті  мәселелерді талқылап, ойларымен бөлісті.

— Жаппай тәртіпсіздіктердің қатысушыларының дені жастар болғандығы өкінішті. Тараз қаласында орын алған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген күдікпен 1500-ден астам адам полицияға жеткізілген. 900-і түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін үйлеріне қайтарылды. Әкімшілік жауапкершілікке 600 адам тартылған десек, оның ішінде 175-і әкімшілік  қамаққа алынса, 54-іне айыппұл салынып, 371-іне ескерту берілген. ҚР Қылмыстық кодексінің әртүрлі баптары бойынша 141 қылмыстық іс қозғалып, соттың шешімімен 85 тұлға қамауға алынған.

Облыста құрылған  «Қоғамдық қабылдау» тобы құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты ұсталған күдіктілермен және олардың ата-аналары, жақындарымен кездесулер өткізіп, түсіндіру, зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Топтың жұмысының нәтижесінде 4 жасөсіпірім қамаудан босатылды. Бұл бағыттағы шаралар жалғасуда,-деген Бердібек Сапарбаев барлық тергеу шаралары заң аясында жүріп жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, құрамына еңбек ардагерлері, зиялы қауым, БАҚ, этномәдени бірлестік өкілдері, депутаттар, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері енетін «Қоғамдық қабылдау» тобы  ұсталғандардың және олардың жақындарының өтініштері мен шағымдарына жіті көңіл бөліп, өзекті мәселелерге айрықша назар аударуда. Олардың тарапынан зорлық-зомбылық жөнінде арыз-шағым түспеген.

Өз кезегінде мәжіліс депутаттары да бірқатар мәселелерді көтеріп, «Қоғамдық қабылдау» тобының жұмысының маңыздылығына көңіл бөліп, оң бағасын берді. Облыстағы жұмыс сапары кезінде халық қалаулалылары ұсталғандармен және олардың жақындарымен кездесіп, жағдайларымен танысатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.