Н.Нұржігітов: Ортақ түсінік – бәрінен маңызды

0 111

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Сарысу ауданының тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелелері бойынша қабылдаулар өткізді.

Басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты.

Аймақ басшысы алдымен Жайылма ауылдық клубында жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесуде ауылдықтар көкейде жүрген өзекті сауалдарын жолдап, жауаптар алды.

Жайылмалықтар әсіресе ағын су, таза ауыз су, көпір салу, шабындық, жайылым тапшылығы, Маятас ауылына мектеп салу секілді бірқатар мәселелерге айрықша назар аудартты.

Облыс әкімі ауылда соңғы жылдары айтарлықтай оң өзгерістер орын алып, көптеген жұмыстар атқарылғанына көңіл бөліп, басқа да мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

Дәл осындай кездесу Жаңатас қаласында да өтті.

Мұнда тұрғындардың басым бөлігі тұрғын үй, инфрақұрылым, абаттандыру, газдандыру, жол , жарықтандыру, жастар тәрбиесі, спорт кешенінің қажеттілігі секілді мәселелерді көтерді.

Нұржан Нұржігітов барлық сұрақтарға жауап беріп, кейбір мәселелер бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Тұрғындардың сауалына орай аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға да қысқаша тоқталып өтті.

— Кешенді даму жоспарымызға сәйкес, 2025 жылға қарай облыстағы 371 елді мекен 100 пайыз ауыз сумен қамтылып, табиғи газды тұтынатын болады.

Бүгінгі таңда облыстағы 36 елді-мекенде ауыз су кестемен беріледі. Биылғы жылы аталған елді мекен тұрғындарын тәулік бойы сумен қамту мақсатында тиісті іс-шаралар бекітіліп, нәтижесінде, аталған ауылдардың саны 30 пайызға дейін қысқарады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Ал, өңірдегі жақсы, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 2025 жылға қарай 99,5 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Елді-мекен көшелері 94,1 пайызға дейін жақсартылатын болады,-деді Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ, биыл жауын-шашынның мол түскенін тілге тиек еткен аймақ басшысы суармалы алқап көлемін арттыру бағытында атқарылып жатқан шараларды атап өтіп, қолда бар суды үнемді әрі тиімді пайдаланудың маңыздылығын жеткізді.

Жаңатастықтардың барлық сауалдары мен көтерген мәселелеріне барынша мұқият ден қойған облыс әкімі ешбір өтініш ескерусіз қалмайтынын, дегенмен жауапкершілік екі жақтан бірдей болу керектігін баса айтты.

— Біз жаңа қоғам құруда жетістікке жеткізіміз келсе, онда әркім өзгерісті өзінен бастау керек. Мемлекет басшысы айтқандай әрбіріміз заңды қатаң сақтап, тәртіпке бағынғанда ғана, еліміз тұрақты дамуды бастан кешеді.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан атқарылған жұмыстарға, бастамалар мен жоспарлы жобаларға халық тарапынан қолдау, сенім болған жағдайда нәтижеге қол жеткіземіз. Ортақ түсінік – бәрінен маңызды,-деді Нұржан Нұржігітов.

Кездесулерден соң облыс әкімі жергілікті азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.