Облыс әкімі Тараз қаласындағы бірқатар нысандардың жай-күйімен танысты

0 4

Облыс әкімі  Тараз қаласының №11 аумақтық округіндегі бірқатар нысандарды аралады.
Аймақ басшысы алдымен «Көлтоған» шағын ауданындағы беріліп жатқан 369 гектар жер телімдерін көріп, «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Казарма», «Жиделі» тұрғын алқаптарына жүргізілген электр желісінің құрылыс жұмыстарымен, 28 саяжайдағы ауыз су тарту мәселесімен танысты.

Нұржан Нұржігітов жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдері берілетін алқаптарға инфрақұрылымның тартылуына баса назар аударып, қала маңындағы тұрғын алқаптардың ауыз сумен, газбен, электр энергиясымен үздіксіз қамтылуына, тариф мәселесіне ерекше көңіл бөлді.
Бұдан соң облыс әкімі жеке кәсіпкер есебінен соғылып жатқан спорт кешенінің құрылыс барысын көрді. Жалпы ауданы 740 шаршы метрді құрайтын нысанды салу жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталып, ағымдағы жылдың қараша айында аяқтау жоспарлануда.

Аймақ басшысына Құмшағал тұрғын алқабынан спорттық-сауықтыру кешенің салу бойынша жергілікті халықтың өтініші жеткізілді. Нұржан Нұржігітов қала әкімі мен тиісті басқарма басшыларына бұл мәселені зерделеу және шешу бойынша шаралар қабылдауды жүктеді.
1975 жылы пайдалануға берілген №56 орта мектептің қазіргі таңда тозығы жеткені байқалады. 320 орынға арналған оқу ордасында 615 бала білім алуда. Сондай-ақ, мектеп басшылығы жазғы спорт алаңшасының мәселесін де көтерді.

Мектеп ғимаратын жөндеуден өткізуге айрықша көңіл бөлген облыс әкімі бұл мәселенің міндетті түрде қаралатынын жеткізді. Ал жазғы спорт алаңшасына шым әкеліп төсеу керектігін ескертті. Бұл істі асарлатып атқару, оған қаладағы мектептердің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдерін ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті. Егерде бұл бастама тиімді жүзеге асатын болса, қаладағы өзге оқу орындарындағы осындай спорт алаңшаларын реттеуде де осы әдіс қолданылады.

Мектеп жанындағы шағын орталықтың санитарлық, сейсмикалық жағдайына алаңдаушылық білдірген облыс әкімі оны қайта салу ісіне назар аударды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.