Облыс әкімі вакцинациялау жұмыстарын күшейтуді тапсырды

0 10

 

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен коронавирустың алдын алу жөніндегі штабтың кезекті отырысы өтті. Онда өңірдегі эпидемиологиялық ахуал, вакцинациялау барысы және мониторингтік топтардың жұмысы қаралды.

 

— Осыдан бір апта бұрын өткен жиында жағдайды жақсарту, екпе егу қарақының арттыру және мониторинг топтарының жұмысын күшейту бойынша орынбасарларыма, қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеген болатынмын. Дегенмен, ол тапсырмалар тиісті деңгейде орындалмағанын көріп отырмыз. Қазіргі таңда облысымызда КВИ жұқтырғандардың саны 16700-ден асса, өткен тәулікте 191 адам дертке шалдыққан. Инфекциялық стационарлардағы төсектердің толтырылуы 58 пайызды құраса,  жансақтау бөлімі бойынша 43 пайызға жетіп отыр. Жалпы, ахуал мәз емес. Әсіресе, Тараз қаласындағы жағдай көңіл көншітпейді,- деді аймақ басшысы.

 

Жамбыл облысындағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, Тараз қаласы, Шу және Қордай, Талас аудандары «қызыл» аймақта десек, Жамбыл, Жуалы, Байзақ, Сарысу және Т.Рысқұлов аудандары «сары» аймақта орналасқан. Ал, Меркі мен Мойынқұм аудандары «жасыл» аймақта.

 

Бердібек Сапарбаев оң нәтижеге қол жеткізу үшін вакцинациялау жұмыстарын жеделдету маңыздылығын баса айтты.

 

Жалпы облыс бойынша, 582 000 адамды екпемен қамту жоспарланса, бүгінгі күнге дейін 342 142 тұлға екпе алып, 58,8 пайызды құрап отыр. Облыстық көрсеткіштен төмен қалып отырғандар: Тараз қаласы – 48,9 пайыз, Шу ауданы – 56,7 пайыз, Қордай ауданы – 57,8 пайыз.

 

— Қазіргі таңда Тараз қаласы бойынша вакцина алғандар саны 146 357 адамға жетіп отыр. Біз бұл көрсеткішке өткен аптада бізге берілген 170 мың адамның тізіміне сәйкес әрбір мекен-жай бойынша үйлерді аралап, базаға енбей қалған немесе өзге өңірлерден вакцина қабылдап келген адамдардың тізімін жаңарттық. Аталған жұмыс әлі күнге дейін жалғасын тауып, осы аптада толығымен аяқтау көзделуде,-деді өз сөзінде Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев.

 

Аймақ басшысы, тиісті министрлікпен және статистика агенттігімен жүйелі жұмыстың жоқтығын алға тартты. Қоғамдық көліктерде, базарларда, ірі сауда орындарда маска режимінің сақталмай отырғанын, тұрғындардың кіріп-шығуы «Ашық» бағдарламасы бойынша жүзеге аспай отырғанын фото-слайд арқылы көрсетіп, мониторингтік топтардың жұмысын сынға алды.

 

Бұдан соң, онлайн режимде қатысып отырған Шу, Қордай, Талас аудандарының әкімдерінен, Тараз қаласының әкімінің тиісті орынбасарынан, Шу қаласы және бірқатар ауылдық округтердің әкімдерінің есептері тыңдалды.

 

— Адамдардың  денсаулығы – бәрінен маңызды. Жаппай вакцинациялау арқылы біз ұжымдық иммунитетті қалыптастыра аламыз. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы.

 

Тараз қаласы мен аталған аудандардағы жұмыстарды күшейтіп, жағдайды оңалту үшін, вакцинациялау бойынша жоспарды барынша орындауға 1 апта уақыт беремін. Одан соң, қатаң шаралар қолданатын боламыз. Бос сөз, сылтау қабылданбайды. Тек пиар үшін жұмыс жасамай,  нақты нәтижені көрсетіңіздер.  Ақпараттық, түсіндіру жұмыстарын жандандыру керек. Ол үшін БАҚ, әлеуметтік желіні барынша пайдалану қажет. Ардагерлер кеңесін, мәслихат депутаттарын, қоғам белсенділерін, этномәдени бірлестіктерді де тартыңыздар,- деді Бердібек Сапарбаев

 

Сондай-ақ, басқосуда жекелеген ұжымдардың екпе қабылдау деңгейі де сараланды.

 

Облыс бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылдың 15-22 тамыз аралығы, яғни өткен аптада облыстың мониторингтік топтарының жұмыс динамикасының талдауы нысандарда карантиндік режимді бұзушылықтарды анықтау бойынша жағдай жеткіліксіз екенін көрсеткен. Бұл туралы  Жаппай іс-шаралардың өткізілуіне қарамастан Шу, Мойынқұм, Сарысу аудандарының және Т.Рысқұлов ауданының мониторингтік топтарымен бірде-бір бұзушылық тіркелмегені күмән туғызады.

 

— Мен өзімнің тиісті орынбасарларыма осы бойынша күніне екі рет жиын өткізуді тапсырамын. Таңертең берілген тапсырманың кешке орындалу көрсеткішін саралап отырыңыздар. Олай болмаған жағдайда, нәтиже қол жеткізе алмаймыз,-деп түйіндеді облыс әкімі.

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.