Облыс әкімі Үлкен Сұлутөр, Ноғайбай ауылдарындағы жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды

0 22

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен Қордай ауданы әкімдігінде Үлкен Сұлутөр, Ноғайбай ауылдық округтерінде орын алған жағдайға байланысты штаб отырысы өтті.

Басқосуда аудан әкімінің орынбасары Елдос Нұралиев аталған ауылдық округтерінің аумағында төтенше жағдайды бағалау және салдарын жою жөніндегі комиссияның алғашқы зерделеу жұмыстарының қорытындысы туралы баяндады.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 23 маусым күні сағат 19:00 — 20.00 аралығында бір сағатқа жуық уақыт толассыз жауған жауын мен бұршақ салдарынан таулы аймақтан көлбеу су жүріп, Үлкен Сұлутөр, Ноғайбай ауылдарының көшелерін су басқан.

Үлкен Сұлутөр ауылындағы 17 үйдің ауласына су кіріп, 5 үйдің ішін су басып, 12 үйдің қора-жайлары мен қоршаулары зақымдалған.

Мал шығыны да бар.

Орын алған жағдайдың салдарын жоюға арнайы техника мен авариялық топтарды жұмылдырылды.

Қазіргі таңда ауыз су жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Оған дейін тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 3 мезгіл тасымалдау ұйымдастырылуда.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес зардап шеккен нысандар мен мал шығындары бойынша есептеу жұмыстары жүргізілуде.

Аймақ басшысы жауаптыларға жағдайды толық бақылауда ұстауды тапсырып, шығындар есебін нақтылау бойынша міндеттер жүктеді.

Зардап шеккендерге тиісті көмек көрсету шараларын сапалы ұйымдастыру керектігін ескертті.

Жағдай облыс әкімінің жеке бақылауында болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.