Облыс орталығында құрылыс қарқынды жүргізілуде

0 21

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. Өңір басшысы алдымен «Арай» тұрғын алқабындағы мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Жобаның жалпы құны — 1 440,1 млн теңге. «БазисДорСтрой» ЖШС-і қолға алған жоба аясында 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Құрылысшылардың ай сайынғы еңбекақысы – 180-200 мың теңге. Өткен жылы шілде де басталған жұмыстар биылғы жылдың маусым айына дейін толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр.

«Самал» ықшам ауданындағы И.Панфилов атындағы №39 мектеп гимназиясының жұмысымен танысты. Күрделі жөндеуді қажет ететін білім ордасында 2224 оқушы білім алады, қазіргі таңда бастауыш сыныптағы 896 оқушы оффлайн форматта оқуда.

Мектеп директоры 1980 жылы іргетасы қаланған 3 қабатты білім ордасының есік, терезе, еденін ауыстыруды, спорт алаңдары мен электр жүйелері күрделі жөндеуді қажет ететіндігін жеткізді. Бүгінде «ТабысЖоба» ЖШС-і  жасаған жобалық-сметалық құжаты да дайын.

«Арзан city» сауда орталығына бас сұққан өңір басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасымен танысты. Серік Қарымсақ басқаратын ірі сауда орталығында 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылған.

Сауда орталығындағы бағамен танысқан аймақ басшысы облыстық кәсіпкерлік және нндустриалды дамыту басқармасының басшысы мен қала әкіміне азық-түлік өнімдерінің бағасын негізсіз өсуін болдырмауды және ең бірінші қажетті нан, сүт өнімдерінің бағасын үнемі қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар, эпидемиологиялық жағдайға сәйкес кауіпсіздік шараларды қатаң бақылауда ұстау қажеттігін де ескертті.

Сондай-ақ облыс әкімі «Жайлау» ықшам ауданындағы 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысын көрді. «Atlas estate» ЖШС-і құрылысын жүргізіп жатқан 30 пәтерлі тұрғын жай ағымдағы жылдың ІІ тоқсанында ел игілігіне беріледі.

Б.Сапарбаев Асқаров көшесінің соңында  құрылысы жүріп жатқан 600 орынды мектепке барды. Жобалық құны — 1 426, 4 млн теңгені құрайтын нысанның құрылысын «СрымБлеке» мердігер компаниясы жүргізуде. Айта кетейік, қазіргі таңда бұл маңдағы 610 оқушыны №8 мектеп-гимназиясына тасымалданып, оқуда.

Облыс әкімі облыс әрбір нысан мердігерлердің белгіленген мерзімі негізінде ел игілігіне берілу керектігін баса айтты. Қала аумағындағы жоспарланған жұмыстардың сапасын бақылау жауаптыларға жүктеліп, салалық басқарма жетекшілері мен қала әкімдігіне алда атқаратын бірқатар нақтылы шараларды айқындап берді.

Балнұр Жошыбаева.

Leave A Reply

Your email address will not be published.