Облыс жастарының 10 пайызы NEET санатында

0 4

 

Жамбыл облысы тұрғындарының төрттен бір бөлігін жастар құрайды. Ал  олардың 10 пайызы оқуға, еңбектенуге, ізденуге құлықсыз, саяси және азаматтық белсенділігі аса төмен NEET жастардың үлесінде. Мемлекеттік жастар саясатының бір бағыты осы санаттағы жастар санын азайту. Өңірде бұл міндеттер қалай орындалуда?

Бұл мәселелер аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің Жеңіс саябағында өткен жастармен кездесуінде талқыланды. Сапалы білім алу, бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізу мүмкіндіктерін талқылауға ресурстық орталықтардың басшылары, еріктілер мен жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.

Нұржан Молдиярұлы биыл облыста жастар саясатын жүзеге асыруға 1,4 миллиард қаржы қаралғандығын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе жоғары екендігін атап өтті. «Енді бізге жаңа бастамаларды іске асыру керек. Жастардың жақсы, ұтымды идеяларын іске асыруға дайынбыз. Біз NEET санатындағы жастардың үлесін азайтуға барынша көңіл бөлгеніміз абзал. Үкімет өз құзырындағы міндеттерді орындауда. Жастар соған жауапкершілікпен қараса дейсің. Мәселен, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша еңбек етуге барған жастардың ішінде үш жылдан кейін ауылдан көшіп жатқандары да бар екен», деді. Облыс бойынша «Серпін-2050» жобасы арқылы 1 067 студент оқуға түскен. Биыл жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы іске қосылып, жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлінді. Енді бағдарлама аясында биыл 50 жасты үймен қамтылады. «Бастама жақсы, әрине. Бірақ осы бағдарлама туралы елдің теріс көзқарасын қалыптастырмау керек. «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша жыл сайын жүзден астам әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үйлі болуда. Бұл игі жобаға да жастарды мейлінше тарту керек. Өңірдегі   еріктілердің, «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмыстарына куәміз. Бірақ олардың жұмысы көзге көрінбейді. Сондықтан еңбек жасағына тартылған жастарға қаладан 2-3 саябақ бөліп, соның тазалығын қадағалауды тапсыру керек. Бұл туралы басқармаға ұсыныс тастағанбыз. Өңірде жастар саясатын жүзеге асыруға көптеген қолдаулар көрсетіліп жатыр. Жастар осындай баянды бастамаларға жауапкершілікпен қараса, іс алға басады, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа бүгінде басқарма тарапынан 25 мыңға жуық NEET санатындағы жастың жеке деректері анықталып, электронды базасы әзірленгендігін айтты. Енді сол базаға қала бойынша анықталмай отырған 3 мыңға жуық жас қосылса, жоспар 100 пайыз орындалмақ.  Бұл тізімдегі 10 мыңға жуық жастың білім алып, еңбек етуге ниетті. Енді басқарма тамызда оқуға түсуді көздеген жастардың оқуға түсуін қолдап, грант алып, жұмыс істеуге ниетті жастарды еңбекке тартуға көңіл бөліп отыр. Бұл ретте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, білім басқармаларымен бірлескен жұмыстар жоспарлануда.

Кездесу барысында «AMANAT» партиясы облыстық филиалы «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Уалихан Болатбек, «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағы облыстық штабының төрағасы Нұрлан Жиенбай, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы «Жастар рухы» Жастар қанаты төрағасының орынбасары Ерғали Әбуғали мен басқа да жастар өз ұсыныс-пікірлерін ортаға тастады.

2025 жылға дейін жастар саясатын дамытудың стратегиялық жоспары бойынша өңірде жастарды тұрақты жұмысқа орналастыруға басымдық беріледі. Биыл Жұмыспен қамту басқармасымен бірлесіп 21 500 жасты жұмыспен қамту жоспарланып, бүгінде 7000-ға жуық жас жұмыспен қамтылған.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.