Оқушыларға үлестірілетін компьютерлердің алғашқы бөлігі жеткізілді

50

Әлем бойынша тараған короновирустық инфекция білім саласына үлкен әсерін тигізгені белгілі. Нәтижесінде, оқушылар интернет арқылы қашықтан білім алуға мәжбүр болып отыр. Бұл ретте, үйде оқуға қажетті техникасы жоқ отбасыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде.  Нәтижесінде,  мектептердің теңгеріміндегі 25,3 мың компьютер аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасының, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім алуды қажет ететін балаларға үлестірілді. Республикалық бюджет есебінен 2030 дана планшет алынып, мектептерге таратылған еді.

Бұдан бөлек, республикалық бюджеттен 24,5 мың бірлік компьютерлік техниканы сатып алуға қосымша қаражат бөлінген болатын. Оған 2756 компьютер, 20156 ноутбук, 1541 планшет алу жоспарланған еді.

Бүгін аталған техниканың алғашқы бөлігі келіп жетті. Мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы атанған «Barys system» компаниясы 2 756 моноблок жеткізді.  Ал екінші мердігер «СервисМаг» компаниясы түстен кейін 1 200 ноутбук алып келмек.

Компьютерлік техникаларды сатып алу, тарату жұмыстары ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облыстық департаменті жанындағы «Адалдық алаңы» жобалық офисінің тікелей бақылауында.

Еске сала кетейік, еліміздегі пандемияға байланысты 2020-2021 оқу жылында оқу процесі екі түрлі форматта ұйымдастырылды.  Облыстағы 229  мектепте 148,7 мың оқушы қашықтықтан және эпидемиологиялық жағдай тұрақты шалғай елді мекендерде орналасқан 213 мектепте 32 мың оқушы дәстүрлі түрде білім алуда.

Бұдан бөлек, қашықтықтан оқытатын 222 мектептегі 4 385 кезекші бастауыш сыныпта 58 мың оқушы білім алуда. Жалпы Жамбыл облысындағы мектептерде 89917 оқушы дәстүрлі түрде білім алуда.