«Осы қарқынды бәсеңдетпеу керек»

Вице-Премьер Ералы Тоғжанов облысқа жасаған жұмыс сапарында осыны баса айтты

51

Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов өңірдің әлеуметтік әлеуетімен танысып, бірқатар нысандарды аралады. Сондай-ақ Үкімет басшысының орынбасары Президент тапсырмаларының орындалуы мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын зерделеді.

Жұмыс сапарын Ералы Тоғжанов Қордай ауданынан бастап, Гвардейский кентіндегі Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты жанындағы вакцина шығаратын биофармацевтикалық зауыт құрылысы барысымен танысты. Аталған зауыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынуда. Қазір өндіріс орнындағы негізгі жұмыстар аяқталуға жақын. Құрылыс басында 145 адам еңбек етуде. Сондай-ақ 30 техника жұмылдырылған.
Үкімет басшысының орынбасары коронавирус індетіне қарсы вакцина жасап жатқан ғылыми институттың мамандарымен кездесіп, олардың ерен еңбектерін жоғары бағалады.
– Сіздер коронавирус індетіне қарсы күресте алдыңғы шепте тұрсыздар. Сондықтан Үкімет жұмыстарыңызға барынша қолдау білдіруде. Келер жылдың ақпан айында зауыттың құрылысы аяқталғаннан кейін осы өндіріс орнында жұмыс жасайтын қызметкерлерге 60 пәтерлі үй салынады. Одан кейін тағы екі тұрғын үй салу жоспарлануда. Осылайша біз жауапты міндетті мойнына алған мамандарды барлық жағынан қамтамасыз етуді ойлап отырмыз, – деді Е.Тоғжанов.
Институттың бас директоры Күнсұлу Закарьяның айтуынша, зауыттың құрылысы ағымдағы жылдың желтоқсан айында толықтай аяқталады екен. Одан кейін шетелдік мамандар құрылғыларды орнату жұмыстарымен айналыспақ.

– Біздің институт медицина мен ауыл шаруашылығына қажетті 67 вакцина жасап шығарды. Осы жылы мамандарымыз Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы ең қауіпті саналатын 6 ауру түріне қарсы 27 миллион вакцина дайындады. Зауыт құрылысы аяқталғаннан кейін көптеп вакцина шығаратын боламыз, – деді институттың бас директоры.
Ал облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айтып өткендей өндіріс орны өңірдің экономикасының дамуына өзіндік үлесін қоспақ.
Ералы Тоғжанов зауыт тынысымен танысу барысында Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулетке институт ғалымдарына барлық қолайлы жағдай жасауды тапсырды.

Бірлігі бекем ел озады

Үкімет басшысының орынбасары мен облыс әкімі Қордай ауданындағы Масанчи ауылына ат басын бұрып, жаңа спорт кешенін көрді. Бұл күні мұнда Қордай, Сортөбе және Масанчи ауылының ардагерлері арасында футболдан жолдастық кездесу ұйымдастырылып, қонақтар шараға жиналғандармен емін-еркін әңгіме өрбітті.
– Бүгінгі сіздердің ауызбіршіліктеріңізді көріп, көңілім толып отыр. Барлық нәрсе дәл осылай ынтымақпен жасалуы керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қордай ауданын жаңғырту жұмыстарына баса көңіл бөліп, барынша қолдау білдіріп жатыр. Ауылдардың барлығына көгілдір отын кіргізілуде. Енді осы бар дүниені құнттап ұстап, татулықты ту ету қажет. Сонда ғана ауылда көркеюмен береке болады, – деді Ералы Лұқпанұлы.
Ауыл ақсақалдары өз кезегінде Қордай ауданына қолдау білдіріп жатқан Президент пен Үкіметке алғысын білдірді.
Бұдан кейін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған топ Сортөбе ауылын бетке алып, осындағы мәдениет үйінде Қаракемер, Масанчи, Сортөбе және Ауқатты ауылдарының зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Басқосуда Ералы Тоғжанов пен Бердібек Сапарбаев өзекті мәселелерді ортаға салып, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысын да талқылады. Ал қариялар Президенті мен Үкіметке қамқорлық пен қолдаулары үшін алғыс білдірді. Олар аз ғана уақытта ауданда ауыз толтырып айтарлықтай оң өзгерістер орын алғанын атап өтті.
– Биыл біраз әлеуметтік мәселелер шешілді. Ауылдар газбен, сумен, интернетпен қамтамасыз етілуде. Жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар салынуда. Тұрғындар бейбітшілік пен келісім болмаса, мұның бәріне қол жеткізу мүмкін еместігін жақсы түсінеді. Аға буын өз тарапынан ұлтаралық келісім мәселелеріне айрықша көңіл бөліп, жастарды халықтық дәстүрлер мен сыйластық негізінде тәрбиелеп жатырмыз, – деді аудандық «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов.
Масанчи ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Дыдыр Двумаров та бұл ойға қосылды.
– Біздің ауыл адам танымастай өзгерді. Барлық мәселелер шешілді. Енді біз тек өзара достық пен келісімде, бейбітшілік пен түсіністікте өмір сүруіміз керек, – деді ол.
Ералы Тоғжанов тұрақтылықты сақтауда әр адам өз үлесін қосуы керектігін баса айтты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қордай ауданын дамытуға биыл 35 миллиард теңге бөлінді. Мұның бәрі халықтың игілігі үшін, өмір сүру сапасы мен деңгейін арттыру мақсатында қолға алынуда. Біздің арман-тілегіміз ортақ, бәріміз бейбітшілікте өмір сүруді қалаймыз, – деді Ералы Тоғжанов.
Сондай-ақ кездесуде ел Президентінің тапсырмасы бойынша ауданда жүзеге асырылған «Бейбітшілік пен келісім» жобасының нәтижелері сараланды.
Бұдан бөлек Вице-Премьер Қордай ауданындағы іссапары барысында Масанчи ауылындағы ағымдағы жылдың ақпан айында орын алған тәртіпсіздіктерден кейін қалпына келтірілген бірқатар коммерциялық нысандар мен тұрғын үйлерді аралап көрді. Ауылдықтар мемлекет басшылығына көрсетілген қолдаулар үшін ризашылығын жеткізді. Одан кейін Е.Тоғжанов Қаракемер ауылында биыл салынған 20 пәтерлік жеке тұрғын үйлермен де танысты.

Жаңа көліктер медицина саласының мүмкіндігін арттырады

Тараз қаласындағы іссапарында Үкімет басшысының орынбасары облыстық көпбейінді балалар ауруханасына ат басын бұрып, облыстық жедел жәрдем стансасына 18 жедел жәрдем көлігінің кілтін табыстады.
Жедел жәрдем стансасына берілген су жаңа көліктердің барлығы германиялық қондырғылармен жабдықталған. Онда портатипті дефибриллятор, оттегі концентраторы, импульстік оксиметрлер мен ЭКГ аппараттары бар. Сонымен қатар заманауи көлікке медицина қызметкерлерінің жұмысын бақылау мақсатында бейнебақылау да орнатылған. Жедел жәрдем көлігі әлемдік стандарттарға толығымен сай. Жыл соңына дейін тағы 13 көлік келеді екен.
Су жаңа жедел жәрдем көліктерінің кілтін облыстық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Венера Балқыбековаға салтанатты түрде табыс еткен Ералы Лұқпанұлы өңір жыл соңына дейін осындай көліктермен толық қамтамасыз етілетінін жеткізді.
Өз кезегінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңадан берілген жедел жәрдем көліктері өңір тұрғындары үшін үлкен көмек болатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ 8 жылжымалы кешен қазіргі таңда аудандарда жұмыс істеп жатқанын атап өтіп, алдағы уақытта алыс ауылдарға да баратынын жеткізді.
Мұнан кейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары облыстық көпбейінді балалар ауруханасы жанындағы «Қамқорлық» әлеуметтік бейімдеу орталығының жұмысымен танысты. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Азат Сатжанов мұнда нерв жүйке жүйесі зақымданған науқастар ем алатынын жеткізді. Заманауи қондырғылармен қамтамасыз етілген бейімдеу орталығында екі үлкен бассейн, тұз шахтасы, бос терапия, локомат, механотерапия, иппотерапия, массаж бөлімдері қарастырылыпты. Сонымен қатар электр тогы, сәуле, жылумен емдеу және лазерлік терапия арқылы науқас балаларды емдеу жолға қойылған. Бұдан өзге орталықта дене шынықтырумен айналысу үшін де бар жағдай жасалған. Айта кетерлігі аталмыш орталық айына 70 баланы қабылдай алады.

«Super-pharm»-ның әлеуеті

Жамбыл ауданында Ералы Тоғжанов медициналық бұйымдар шығаратын «Super-pharm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытына барды. Зауыт «Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту» бағдарламасы аясында 2011 жылы пайдалануға берілген. Кәсіпорынның жылына шамамен 200 миллион медициналық бұйым шығаруға мүмкіндігі бар.
Өндіріс орнында 480 адам жұмыс істейді. Жыл соңына дейін жұмысшылар санын 600-ге дейін арттыру жоспарлануда. Кәсіпорын бірреттік бетперделер, төсек-орын жапқыш-жиынтықтары, бахилалар, комбинезондар, бас киімдер, операциялық халаттар секілді барлығы 300-ге жуық бұйым түрін шығарады.
Бұдан бөлек лейкопластырь, пластырь, спирттік сүлгілер және басқа да өнімдер шығаратын зауыт құрылысының екінші кезеңі аяқталған. Келесі жылы серіктестік бірреттік, инсулин және туберкулин шприцтерін шығаруды бастамақ.
Ералы Тоғжанов зауыттың бірқатар цехтарын аралап көріп, Үкімет ағымдағы мәселелерді шешу үшін отандық кәсіпорынға жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін баса айтты.
Сондай-ақ Е.Тоғжанов «Әмір және Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоймалары бар фармацевтикалық мақсаттағы өндірістік кешені құрылысымен танысты.
Үкімет басшысының орынбасары өндіріс желісін, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың қоймасын аралап, серіктестіктің жұмысын жоғары бағалады.
– Біздің міндетіміз – Президенттің барлық тапсырмаларын орындау. Бұл үшін дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры қалыптасты. Денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Облыстың шалғай елді мекендерін сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін сегіз мобильді кешен алынды, жедел жәрдем стансасының автопаркі жаңартылуда. Мұның бәрі қажетті көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Тапсырма талабы – нәтиже

Ералы Тоғжановтың жұмыс сапарының қорытындысы облыстық әкімдіктегі бейнебайланыс арқылы өткен кеңесте түйінделді. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев өңірде мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етіп, ел Президентінің әрбір тапсырмасының орындалуы қатаң бақылауда екенін жеткізді.
– Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Медициналық мекемелер коронавирустың ықтимал екінші толқынына дайындалуда. Атап айтсақ медициналық құрал-жабдықтар сатып алынуда. Дәрі-дәрмек қоры қалыптасты. Қауіпті вируспен күресуге қосымша дәрігерлер тартылады. Мобильді топтардың қызметі жандана түсуде, – деді облыс әкімі.
Бұдан бөлек аймақ басшысы денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы бірқатар өзекті мәселелерді де көтерді. Ералы Тоғжанов олардың барлығы кезең-кезеңімен шешілетін тілге тиек етіп, нәтижелері жаман емес екенін, осы қарқынмен жұмысты жалғастыра беру керектігін айтып өтті.