Пилоттық жоба өз жемісін беруде

29

Ауылдың әлеуетін жақсартып, тұрғындарының табысын арттыру мақсатында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында іске қосылған пилоттық жобаның бүгінгі жай-күйі қандай? Жоба қаншалықты жемісін беруде? Облыстық Қоғамдық кеңес осы мәселені зерделеп, қанатқақты жобаның әр бағыты бойынша туындаған мәселелер мен ұсыныстарды талқылау мақсатында жиын өткізді. Жиынға қоғамдық кеңес мүшелері, бірқатар басқарма басшылары мен ауыл әкімдері қатысты. Қоғамдық кеңес төрағасы Әмзебек Жолшыбеков «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасына тоқталып, жиынды ашып берді.

Жобаның 5 бағыты бойынша бүгінде 8 миллиард 471 миллион теңге несие қаражаты игерілген. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 7 миллион 200 мың теңгеге 2,5 пайызбен 2489 өтінім қаржыландырылған. Аталмыш жоба он бір ауылдық округті қамтыған. Кеңес отырысында ауыл әкімдері есеп беріп, бастаманың арқасында ауыл халқының тұрмыс-тіршілігі қаншалықты өзгергенін, көздеген межеге жету жолында кездескен мәселелерді ортаға салды.

Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағыты бойынша 932 гектарға, яғни 7856 аулаға жеміс, көкөніс, және бақша өнімдері егілген. Өткен жылмен салыстыра алсақ, өсім 155 пайызды құрапты. Бас-аяғы 220,9 соттық жерді құрайтын 16 жылыжай құрылысына 138,1 миллион теңге несие қаражаты берілсе, қазір 10 жылыжай іске қосылған көрінеді. Мал шаруашылығын дамыту бағытымен 2454 адам несиеге 45 мыңнан аса мал сатып алыпты. Бұл көрсеткіште де биыл өсім жоқ емес. Өндірілген сүт, ет өнімдері облыстың ішкі нарығына, Алматы, Нұрсұлтан қалаларына өткерілген. Алайда, несие шартына сәйкес округте өндірілген өнімді кооператив арқылы сату міндеттелгенмен, бұл талаптың түрлі себептермен орындалмай отырғаны сөз болды. Тұрғындардың ауыл сыртындағы жерін тиімді пайдалану, жаңадан құрылған кооперативтерді қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз ету, жеке кәсіп ашу бағыттары бойынша да ауыл әкімдері өз округтеріне тиісті жағдайды баяндап шықты. Мәселен, Талас ауданында 1 наубайхана, Жамбыл, Жуалы, Шу аудандарында 3 кондитерлік цех, Байзақ, Қордай аудандарында 2 ара балы және 1 шұжық цехы іске қосылған. Бірақ Байзақ, Меркі, Сарысу аудандарында жоспарланған 4 жоба жүзеге аспапты. Ал, Т.Рысқұлов ауданынан шырын өндіру цехына берілген қаражат жеткіліксіз болуына байланысты толығымен «Тараз» ӘКК» АҚ-на қайтарылған.

Бүгінде жоба аясында қол жеткізілген нәтижелерге келер болсақ, жаңадан 589 жұмыс орыны ашылып, жұмыссыздар саны 48 пайызға азайған. Арнаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 490 адамға қысқарған. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар қатарындағы 2238 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркеліпті. Жиында пилоттық жобаны жүзеге асырудағы проблемалар талқыланып, кеңес мүшелері зерделеу барысында анықтаған кемшіліктерді атап өтті. Айталық, Сарысу ауданы Байқадам округі жобаға таңдалған кезде ауыл сыртындағы пай үлестік жерлерінің жоқ екендігі, суармалы судың тапшылығы ескерілмеген. Байқадамдықтар несие үстемесін төлеу мерзімін алты айға созуды сұраған. Ал Талас ауданы Үшарал ауылы ауыз су мәселесін түбегейлі шешуді, гидротехникалық жөндеу жұмыстарын жүргізуді, шағын су қоймасын соғуды өтініпті. Жуалы ауданының Ақтөбе ауылдық округінің  тұрғындары мал жайылымы мен суармалы судың жетіспеушілігін жеткізген. Сонымен қатар, несие қайтару мерзімін 2 жылдан 4 жылға дейін созуды, интернет орнатуды сұранған. Байзақ ауданы Қостөбе ауылдық округіндегі мал азығын заманауи тәсілмен өндіретін «Гидропоника» құрылымы істен шығып, қаңырап тұрған көрінеді. Нәтижесінде кооперативтің қыруар жоспары іске аспай қалған. Бұл ретте ауыл әкімі тарапынан да тиісті бақылау жасалмағаны белгілі болды.  Осы орайда Қоғамдық кеңес облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына, «Тараз»ӘКК» АҚ-на, аудандар мен пилоттық ауыл округтерінің әкімдеріне ұсынымдар дайындапты.

Ауыл әкімдерінің сөзінен соң, баяндама кезегін облыстық басқарма басшылары жалғап, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

 

Қарлығаш Есбергенова