Полиция пункті ашылды

37

Еліміз үшін ең басты құндылық – адам өмірі болса, олардың қауіпсіздігін сақтау аса маңызды жұмыс. Құқық қорғау органдары қызметкерлеріне жағдайлар жасаудың дәлелі ретінде өткен сенбі күні Бурыл ауылдық округінде №11 учаскелік полиция пункті ел сақшыларының игілігіне берілді. 

Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев, облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Рахымберді Әшкеев, аудан әкімі Нұржан Нұржігітов, аудандық мәслихат хатшысы Нұржан Тлепов, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Досымбек Мусаев, Бурыл ауылдық округінің әкімі Ерік Әліқұлов, елді мекендегі учаскелік полиция инспекторлары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Күрделі жөндеуден өткізілген қызмет орындарының басты ерекшелігі тәртіп сақшысының үйі де, кеңсесі де бір ғимаратта орналасуында. Осы уақытқа дейін учаскелік полицейлер ауыл әкімшілігінің бір бөлмесін паналайтын. Сондай-ақ, тағайындалған елді мекенде баспана мәселесі де қиын болатын. Байзақ ауданындағы жаңа бастама полиция қызметкеріне де, ауыл тұрғындарына да ыңғайлы болып отыр. Инспектор өз жұмыс орнынан табылып, отбасының баспана мәселесіне алаңдамайды. Келесі жылы аудан аумағында үш осындай жаңа учаскелік полиция пункттері ашылады деп жоспарлануда. Ғимараттың құрылысы мен құрал-жабдықтары және жиһаздарына Бурыл ауылдық округіндегі атпал азаматтар, жеке кәсіпкерлер демеушілік жасаған.

Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бір қағида туралы, яғни, жұртқа жақын полиция жөнінде атап өткен болатын. Учаскелік полицейлердің жұртпен бірге жүргені және де елдің белсенді азаматы болуына тиісті шарт қойылып отыр. Осыған байланысты полиция қызметкерлерінің материалдық – техникалық жағдайларына аса назар аударылуда. Нәтижесінде бүгін бәріміз жаңа учаскелік полиция пунктінің ашылуына қатысып отырмыз. Полиция ел ортасында проблемалық мәселелерді шешуі тиіс» — дей келе, ауыл тұрғындарын жаңа ғимараттың ашылуымен шын жүректен құттықтады.  Бұдан соң ауылдық округтегі ақсақалдар алқасының төрағасы Сады Қуатбеков, Жамбыл облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Рахымберді Әшкеев қандай жағдай болмасын, ел тыныштығын күзетіп, қоғамды қауіптен құтқару полицейлерге жүктелген міндет екенін, осы бағытта тәртіп сақшыларына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, түрлі жабдықтармен қамтамасыз етілуі, аудан көлемінде алғаш рет учаскелік полиция пунктінің салынуы соның айқын дәлелі болғанын айтты.

Шара соңында облыс әкімінің орынбасары Талғат Шариұлы учаскелік полиция инспекторы, аға лейтенант Абзал Молдабековке қызметтік үйдің және полиция инспекторы, полиция капитаны Ғалымжан Оспанбаевқа қызметтік «Нива» автокөлігінің кілтін табыс етіп, ғимаратты аралап, танысты. Пунктте полиция қызметкерлерінің жұмысына қолайлы жағдай толық қамтамасыз етілген. Мұнда полиция қызметкерлерінде заманауи байланыс құралдары, кеңселік техника және компьютерлер бар.

Бұл ауылдағы төрт бірдей учаскелік полиция инспекторлары, бір кәмелеттік жасқа толмағандар ісі бойынша инспектор және үш көмекшінің жұмыс аумағында 13 мыңнан астам халық тұрады. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қылмыстың алдын алуда жаңа пункт өте қолайлы. Облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Рахымберді Әшкеевтің айтуынша, бұл тәртіп сақшыларының еңбек өнімділігін де арттырады. Демек учаскелік полиция қызметкерлері ары-бері жүріп, уақыт кетірмей, үнемі жұмыс орнынан табылатын болады. Ендігі кезекте, Бурыл ауылдық округінің тәртіп сақшыларына қойылатын негізгі міндет – елді мекендегі қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалау, халыққа жақын болу және азаматтарға уақытында жәрдем беру.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ,

Байзақ ауданы.