Қала күніне орай бірқатар тараздықтар марапатталды

56

30 қазанға белгіленген Қала күніне орай Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев дамуына әр сала бойынша сүбелі үлес қосып келе жатқан азаматтарды марапаттады.

«Сіздерді тарихымыздың темірқазығына айналған Таразымыздың төл мерекесімен құттықтаймын. Сан ғасырлар тарихының құпиясын бойына жиып жатқан көне шаһар бүгінгі күні жасара түскеніне, озық технологиялар көш бастаған қазіргі дамуда кейіндеп қалмай, керісінше, жаңашылдыққа бейімделуге қабілетті қала екеніне сіз бен біз куә болып келеміз. Осылайша көне шаһар ескі мен жаңа, тарих пен тап қазіргі сәт өз үйлесімін тапқан айрықша өркениет ортасына айналып отыр. Қазір Тараз төрінде түрлі маңызды нысандар құрылысы сәтті жүріп жатыр. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға насихаттайтын спорт нысандары бой көтеріп жатыр», — деді қала әкімі өз құттықтау сөзінде.
Қала басшысы түрлі саладағы үздік мамандарды, әлеуметік қызметкер, үздік аула сыпырушы, «Үздік аула», «Үздік көше» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Атап өту керек, биылғы жылдың шілде айында Тараз қаласы бойынша «Үздік аула», «Үздік көше» байқауы жарияланған болатын. Байқаудың нәтижесі бойынша «Үздік аула» номинациясымен Әйтеке би, № 30 үй жеңімпаз атанса, «Үздік көше» номинациясы бойынша Д.Бедный көшесінің бұрылысы жеңімпаз атанды.
Сонымен қатар, мерекелік іс-шарада «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары да «Туған өлке», «Жыл меценаты», «Жылдың үздік ұйымы», «Жыл тұлғасы», «Ерен еріктілік» номинациялары бойынша азаматтар марапатқа ие болды.
Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, ұзақ жылдар бойы қалалық әкімдікте адал қызмет атқарған бір топ азаматтар да ескерусіз қалмады. Олардың қатарында Тараз қаласының алғашқы әкімі, қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Түсіпов Алдиярбек Әли-Асқарұлы да бар.

 

Кәмшат ҚАДЫР